Енді жеке тұлғалардың маркетплейс арқылы шетелден келетін тапсырыстарына сатып алу сомасына қарамастан импорттық баж салығы салынады. Мұны Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілі растады.Бұл туралы QAZYR.KZ Halyq-uni.kz сілтеп хабарлайды.
Өзгеріс Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден заңнамасына енгізілген түзетулері күшіне енгеннен кейін болады.
Қауымдастық мүшелері өткен жылдың 25 желтоқсанында талапты өзгертуге келісті. Жаңа тұжырымдама электронды коммерция тауарлары түсінігін енгізуді көздейді және оларды жеке тұлғаларға сату кезінде міндетті алымдарды төлеу талабын қарастырады.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің жеке тұлғалары сатып алған тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар төленуге жатады, – делінген хаттамада.
Баж салығының қашаннан бастап салынатыны туралы нақты мерзім айтылмаған. Өйткені құжатты ұлттық парламенттер мақұлдауы керек.
Бұған дейін 200 еуродан қымбат тауарлар үшін баж салығы 5%-дан 15%-ға дейін өзгеруі мүмкін екені хабарланған. Мысалы, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлеріне ең жоғары мөлшерлеме, ал кофе, шай, дәрі-дәрмек, электрқұрылғылар мен мал азығы үшін ең төменгі мөлшерлеме белгіленуі мүмкін.
Қазір барлық шетелдік тауар үшін бажсыз әкелу шегі – 1 мың еуро. Қымбатырақ немесе салмағы 31 келіден асатын кез келген нәрсеге 15% мөлшерлеме қолданылады. Бірақ 1 келі үшін 2 еуродан кем емес. Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап шекті мән қайтадан 200 еуроға дейін төмендеуі мүмкін.