Шымкент қаласында Германия, Венгрия, Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея және Египет елдеріне тікелей халықаралық әуе рейстерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Іс-шара ҚР Президентінің Қазақстан әуежайларының жүктерді тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту және аэрохабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті.
Салтанатты шараға Қазақстанның авиация саласындағы жетекшілері, SCAT әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов, Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов, сондай-ақ Венгрия Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Саболч Карой Секе қатысты.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева бұл бастаманың Шымкент әуежайының жаңа терминалын халықаралық аэрохаб ретінде дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Жаңа бағыттар бойынша ұшулар Boeing 737 үлгісіндегі заманауи әуекемелермен жүзеге асады. ҚР Көлік министрлігінің хабарлауынша, жаңа халықаралық рейстер төмендегідей кестемен орындалады:
Шымкент – Мюнхен: 27 мамырдан бастап сейсенбі және бейсенбі күндері (аптасына 2 рет);
Шымкент – Будапешт: сейсенбі және сенбі күндері (аптасына 2 рет);
Шымкент – Шанхай: 29 мамырдан бастап дүйсенбі және бейсенбі күндері;
Шымкент – Сеул: дүйсенбі және бейсенбі күндері;
Шымкент – Каир: 24 маусымнан бастап дүйсенбі және бейсенбі күндері (бастапқыда тек бейсенбі күндері орындалады);
Шымкент – Сиань: 2 шілдеден бастап сәрсенбі және сенбі күндері;
Шымкент – Үрімші: 4 шілдеден бастап сейсенбі және жұма күндері.
Айта кетейік, Шымкент әуежайының жаңа терминалы 2024 жылдың 25 желтоқсанында ашылған. Терминал құрылысына қоса, ұшақ тұрағы мен перрон қайта жаңартылып, вокзал маңы алаңы салынған болатын.