Қазақстан цифрлық болашағын өзі шешпесе, біреудің шешіп беруіне тура келеді. Соңғы жылдары елімізде «модернизация» ұранымен жүзеге асып жатқан кейбір жобалардың астарында ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздік мәселесі тұрғанын аңғару қиын емес. Соның бірі – букмекерлік бизнеске енгізілгелі жатқан «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесі» (ББЕЖ).
Бастапқыда бұл бастама саладағы көлеңкелі айналымды азайтып, салықтық бақылауды күшейтуге бағытталғандай көрінді. Алайда, тереңірек үңілсек, бұл тек қаржыны бақылау емес, деректер мен цифрлық инфрақұрылымды да сырттан басқаруға жол ашатын тетікке айналуы мүмкін.
2020 жылы Туризм және спорт министрлігі букмекерлік ставкаларды есепке алу орталығын құруға кіріскен болатын. Бұл жүйеде букмекер мен мемлекет арасындағы делдал ретінде жеке компания әрекет етуі тиіс еді. Ұсынылған модель бойынша делдал құрылым саладағы барлық қаржы ағынының 4 пайызын иемденіп отырмақ болды. Мұны «Қазақтелекомның» бұрынғы төрағасы Қуанышбек Есекеевтің атымен байланыстырғандар да болды.
Жоба жемқорлық дауынан кейін тоқтатылғанымен, идея толық көмілген жоқ. Бір шенеуніктің элиталық әйел сөмкесін пара ретінде алғаны жайлы оқиға ел есінде. Бірақ одан кейін бұл бастама мүлде басқа форматта қайта тірілгендей болды. 2023 жылы Мәжілісте депутат Елнұр Бейсенбаев делдалдыққа қарсы қатаң мәлімдеме жасады. Алайда көп ұзамай дәл сол депутаттың өзі дауыс беріп, жүйені заңдастыруға қатысқанын көрдік. Қазір бұл реформаны Ербол Мырзабосынов басқаратын ведомство жүзеге асыруда.
Кремльдің көлеңкесі қайдан көрінеді?
ББЕЖ жобасының ең даулы тұсы бар. Ол сыртқы ықпалға жол ашатын архитектураға негізделген. Бұл жүйеге түрткі болып отырған негізгі тұлғалардың бірі Ресей азаматы Умар Кремлев (Лутфуллоев). Ол РФ аумағында ЕЦУПИС деп аталатын ұқсас жүйені басқарады және «Фонбет», «Пари», «Лига Ставок» сынды букмекер алпауыттарының иесі.
Қазірдің өзінде «Фонбет» Қазақстан нарығына еніп, азаматтардан қомақты қаржы жинауда. Егер ББЕЖ іске қосылса, бәстер, төлемдер, клиенттік деректердің бәрі бір орталықта шоғырланып, басқару тетігіне айналады.
Бұл жүйе ресейлік құрылымдарға отандық букмекерлерді төлем жүйелерінен ажыратуға немесе өздеріне тиімді бағытқа бұруға мүмкіндік береді. Ең қауіптісі, клиенттік деректерді пайдалана отырып, азаматтарға ықпал ету немесе қысым жасау мүмкіндігі пайда болмақ.
Соғысқа біз тиын береміз бе?
Қазақстандағы букмекерлік нарықтың жылдық айналымы 0,6-дан 1,4 триллион теңгеге дейін жетеді. Мұндай көлемдегі қаржының сыртқа кетуі ғана емес, сонымен қатар цифрлық деректердің шетелге ағылуы ұлт қауіпсіздігі тұрғысынан үлкен қатер. ББЕЖ іске қосылған жағдайда, Қазақстанда жасалған ставкалардан түскен табыс түптеп келгенде Ресейдегі әскери-өнеркәсіп кешенін қаржыландыруы мүмкін. Кремльдің соғыс машиналары мен дрондары, оның ішінде атышулы Шахедтер қаржысыз жасалмайтыны белгілі. Қазақстаннан түсетін кірістердің бұл бағытқа кетпеуіне еш кепіл жоқ.
Жаңа жүйенің енгізілуі туралы қоғамдық талқылаулардың болмағаны қызық. Цифрлық егемендік пен азаматтардың жеке деректері туралы шешімдердің жабық есік жағдайында қабылдануы ашық қоғам принциптеріне қайшы. Бұл тек букмекерлік жүйемен шектеліп қалмайды. Ертең осы тетік банктер мен сақтандыру нарығына да жетуі ғажап емес.
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымы — болашақтың геосаяси капиталы. Ал оны сыртқы ойыншыларға бақылаусыз беру егемендіктің бір бөлігін еріксіз қолынан шығарып беру деген сөз.
Финтех тек технология емес, дербестік пен дерек. Ақпарат қайда, кімнің қолына жиналады, соған қарай елдің бағыты айқындалады.