Түркістан облысында 70,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
Түркістан облысында ортақ жайылым жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс басшысы жауапты мекеме басшыларына және әкімдерге жерлерді қайтару жұмысын жеделдетуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды халықтың игілігіне қайтаруды міндеттеген болатын. Аудан және қала әкімдері, сондай-ақ барлық жауапты органдар бірігіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Космомониторинг нәтижелерін есепке ала отырып, сараптамалық жұмыстар жүргізу керек. Бұл процестер тоқтап қалмауы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген есеп берді. Оның мәліметінше, облыстағы жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Қазіргі таңда, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін және заңсыз қолданылатын жерлерді қайтару жұмыстары үшін арнайы ведомствоаралық топ құрылды. 2024 жылға облыс бойынша 60 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарланған болатын, ал ағымдағы уақытта 70,9 мың гектар жер қайтарылды.
Өңірдегі жайылым тапшылығы 2023 жылдың басында 2122,2 мың гектарды құраса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы бұл көрсеткіш 608 мың гектарға дейін азайған.