Түркістан облысы, Отырар ауданында екі ірі мақта өңдеу зауытының құрылысын бастау рәсімі өтті. Жобаның салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа бастаманың сәтті жүзеге асуын тіледі. Сонымен қатар, аймақ басшысы инвесторлармен кездесіп, мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытындағы жоспарлармен танысты. Облыс әкімдігі инфрақұрылымдық жұмыстарға толық қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ кез келген туындаған мәселелерді уақытылы шешу үшін шаралар қабылданатынын атап өтті.
Бұл жобаның жүзеге асуы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлескен бастамасы болып табылады. Жоба аясында заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары сапалы шикізат базасы қалыптастырылады. Сонымен қатар, мақта өңдеу зауыттарымен қатар тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндіріс орны мен басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынады. Жалпы инвестиция көлемі 80 миллиард теңгені құрайды.
Жобаның жоспарына сәйкес, жылына 160 мың тонна мақта өңдейтін төрт заманауи зауыт құрылатын болады. Сонымен қатар, 6 мың тонна мақта тұқымын өндіретін жаңа өндіріс желісі де іске қосылады. Биылғы жылы екі зауытты іске қосу жоспарланған, ал 2026 жылы тағы екі зауыт толық қуатына көшеді. Жоба толығымен іске қосылған кезде, Отырар ауданындағы 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.
Отырар ауданында өндірілген мақта шикізаты Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығаратын фабрикаларға жеткізіледі.
Бұл жоба еліміздегі су үнемдеу технологияларын қолданатын алғашқы ірі жобалардың бірі болып табылады. Жобаның артықшылығы – өндіріс процесінің барлық кезеңдерінде суды 3-4 есеге дейін үнемдеу мүмкіндігін қамтамасыз ету, бұл өз кезегінде жоғары өнімділік пен экологиялық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаның экономикалық тиімділігі де айтарлықтай жоғары, ол өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, салық түсімдерін арттыруға ықпал етпек.