Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамэкономика

Үкімет отырысында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде туристердің жайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мәселесі қаралды деп хабарлайды Qazyr.kz

ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысы барысында Қазақстанның туристік саласы жыл сайын дамып, өз әлеуетін арттырып келе жатқанын баяндады. Мәселен, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамды, шетелдік келушілер – 15,3 млн-ды құраған. Бүгінде 87 ел үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет мемлекеттің азаматтары визаны электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство тарапынан туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, олардың біздің елге кіру және болу рәсімдері жеңілдетілген. Бүгінгі таңда шетелдіктер тіркелу үшін полицияға барудан босатылды, қабылдаушы тарап бұл рәсімдеуді онлайн жүзеге асыра алады. Шетелдік қонақтар үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті және пайдалы ақпаратты қамтитын арнайы мобильді сайт құрылды.

Өңірлерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Туристік орындарда бейнебақылау жүйесі орнатылған, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, транзиттік көлік жүргізушілеріне көмек көрсетіледі.

«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері екенін бірнеше рет атап өтті. Біз Қазақстанның шетелдік туристерге достық пейілі бар, емін-еркін демалуға қолайлы ел ретінде тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілуде. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды. Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл тәжірибені кеңінен тарату қажет.

«Туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе, шекаралас өңірлердегі туристерге бейімдеген жөн. Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуына назар аудару керек. Туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

БҚО: Тасқын су баспас бұрын есік-терезелерге пена құйып, үйімді сақтап қалдым

redaktor_qazyr

Айгүл Орынбек:«Қазақстанда мемлекеттік қызметте жасайтын әйелдер де еркектер тарапынан қорлық көреді»

redaktor_qazyr

Ғылым — қарқынды дамудың төте жолы

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz