Қазақстан жасанды интеллект саласында жаңа белесті бағындырып отыр. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен Жасанды интеллект институты (ISSAI) бірден бес инновациялық өнімін таныстырып, еліміздің технологиялық дербестігіне тағы бір қадам жасады деп хабарлайды Qazyr.kz
ISSAI әзірлеген жүйелердің басты ерекшелігі — толықтай қазақ тілінде еркін жұмыс істеп, ұлттық тілдік және мәдени ерекшеліктерге бейімделуі.
Oylan 2.5 — көптілді интеллектуалды көмекші, бірақ басты артықшылығы — қазақ тілін еркін меңгеруі. Латын қарпінде де жұмыс істей алады.
MangiSoz 2.0 — нағыз диалог құратын ассистент. Қазақ тілін тыңдап, түсініп, табиғи дауысқа жақын етіп жауап береді. Бірнеше тіл арасында аударма жасай алады.
TilSync — қазақ тіліндегі сөйлеуді нақты уақытта субтитрге немесе өзге тілге аударады. Онлайн кездесулер мен эфирлер үшін таптырмас құрал.
Beynele — қазақы нақыштағы көріністі мәтін арқылы жасап беретін визуалды ЖИ. «Домбыра тартқан қыз» десеңіз — дайын иллюстрация.
Mangitas 02 — деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін отандық ЖИ сервері. Бұлтқа тәуелсіз, ұлттық инфрақұрылымға бағытталған.
ISSAI ұсынған өнімдер шетелдік жүйелерден қазақ тілінде ойлай алуы арқылы ерекшеленеді. Әлемдік платформалар қазақ тілін қолданса да, жергілікті мәдени реңкті дөп жеткізе бермейтіні жасырын емес. Ал ISSAI жасаған жүйелер қазақы болмысты қоса қамтиды.
Бағасы да қолжетімді: 250 мыңнан 1 миллион токен аралығындағы пакет — небәрі 4000 теңге шамасында. Қазірдің өзінде шетелдік және отандық студенттер мен мамандар ISSAI-ға қызығушылық танытып жатыр.
ISSAI 2019 жылы құрылған, 2024 жылы автономды мәртебеге ие болды. Өткен жылы KazLLM ірі тілдік моделі де таныстырылып, ұлттық жасанды интеллект экожүйесінің негізі қаланды.
Институт басшысы, доктор Хусейн Атакан Варолдың айтуынша, бұл — технологиялық серпіліс қана емес, мәдени жетістік те:«Қазақстан өз халқы үшін, өз тілінде және өз ережелерімен интеллектуалды жүйелерді дамыта алатынын дәлелдеп отыр».
ISSAI өнімдері еліміздің алғашқы суперкомпьютерімен үйлестіріліп жұмыс істейді. Бұл — Қазақстанда жасанды интеллектке арналған толыққанды экожүйе қалыптасып келе жатқанының айғағы.