Үзілген гүл
Не жасайсың тағдыр маған тағы да?!
Қандай сынақ дайын екен жаныма?!
Тұнық таңда куә болдым еріксіз,
Қара көздің мөлтілдеген зарына.
Құшақтасып көрісуде күз бен қыр,
Дараланған көңілдер бар жүзден бір.
Сыңсып жатыр үнсіз ғана түндерде,
Жүзі қара ессіз барып үзген гүл.
Тыныштықтан елең етіп тың тыңдап,
Ұзарады ойға еніп мұң сұңғақ.
Едіреңдеп уақыт өтіп барады,
Аққу-қазы өмірінің сұңқылдап.
Шарасыздан еңкілдейді бейшара,
Шарқын ұқтым бұл жалғанның дей сала.
Жасын сүртіп күреседі қайтадан,
Кедергілер келтірсе де кей сана.
Бақыттылар арасында сынық жүз,
Жетіп келді жорға желді мініп күз.
Құшағына жапырақтар жинаған,
Кете барды тоқтамастан күліп қыз!
Біржан Досжан