ҚР Оқу ағарту министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова Qazyr.kz сайты тілшісіне ваучерлік қаржыландыру жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіріп берген еді. Өз кезегінде білікті маман жаңа жүйе ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдауға мүмкіндік беріп, жекеменшік пен мемлекеттік ұйымдар арасында бәсекелестікті күшейтетінін айтты. Бүгінде 3 мыңнан астам балабақша осы тетікке қосылып, 230 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған екен. Манар Адамова бұл реформаның сапаны арттырып, әрбір балаға тең мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Манар ханым, соңғы кезде қоғамда мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзгерістер жиі айтылып жүр. Әуелі ваучерлік қаржыландыру жүйесі туралы қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.
– Бұл жүйенің басты мақсаты ата-ананың таңдау мүмкіндігін арттыру және қаржыландыру процесін барынша ашық ету. Бұрын мемлекет қаржыны тікелей балабақшаға бөлетін болса, енді «ақша балаға беріледі» қағидаты енгізілді. Яғни, қаржы баланың нақты қатысуына қарай аударылады. Бұл ата-ана үшін де, мемлекет үшін де тиімді.
Қазірдің өзінде 3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым осы жүйеге қосылып, 230 мыңнан астам балаға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана сияқты қалаларда кезек 44 пайызға қысқарды.
– Қарапайым халық үшін бұл жүйенің артықшылығы неде?
– Ең алдымен ата-ана балабақшаны өзі таңдайды. Қаласа мемлекеттік, қаласа жекеменшік ұйымды таңдауға еркі бар. Бұл өз кезегінде салауатты бәсекелестікті қалыптастырады. Әр балабақша сапасын көтеруге тырысады, себебі ата-ана қаржыны қайда апарарын өзі шешеді. Халық үшін тағы бір маңызды жайт – кезектің қысқаруы. Бұрын айлап-жылдап күтетін ата-аналар қазір қолжетімді орын таба бастады.
– Жаңа жүйенің іске асу аумағы қаншалықты кеңейді?
– 2024 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде енгізілген еді. Қазір облыстық маңызы бар 15 қалада және екі өңірдің 5 ауданында жұмыс істеп тұр. Олар – Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Талдықорған, Қосшы, Қонаев қалалары мен Жамбыл облысының Байзақ, Түркістан облысының Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал, Қазығұрт, Жетісай аудандары. Маусым-шілде айларында Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Алматы қалалары қосылады. Ал 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық өңір қамтылады. Бұл – бүкіл ел ауқымындағы реформа.
– Жүйе қалай бақыланады? Қаржының дұрыс жұмсалуына қандай кепіл бар?
– Қаржы ата-ананың растауымен ғана бөлінеді. Яғни баланың қатысу табелі бекітілген соң ғана қаражат аударылады. Бұл жүйенің ең үлкен артықшылығы да осы. Қаржы тек шын мәнінде бала барған балабақшаға беріледі. Сонымен қатар барлық процесс электронды жүйе арқылы бақыланады. Бұл ашықтық пен сенім қалыптастырады.
– Жаңа реформа саланың сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Сапаға әсері өте зор. Балабақшалар үшін ең бастысы – бала саны. Егер ата-ана риза болмаса, ол басқа ұйымды таңдайды. Сондықтан әр мекеме педагогикалық құрамды күшейтіп, материалдық-техникалық базасын жаңартуға ұмтылады. Қазірдің өзінде көптеген ұйым жаңа бағдарламалар енгізіп, балаларға арналған ортаны жақсарта бастады. Салауатты бәсеке сапаны арттырады.
Қазірдің өзінде 230 мыңнан астам балаға жол ашылды. 2025 жылға қарай кезек мүлдем азайып, мектепке дейінгі білімге қолжетімділік барынша тең болады деп күтеміз. Бұл тек білім беру жүйесінің емес, тұтас қоғамның дамуына әсер етеді. Себебі мектепке дейінгі тәрбие – баланың болашағына салынған ең алғашқы инвестиция.
– Сөз соңында ата-аналарға не айтар едіңіз?
– Бала – елдің ертеңі. Әр ата-ана баласының лайықты білім мен тәрбие алуын қалайды. Ваучерлік жүйе сіздерге таңдау еркіндігін берді. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, балаңызға қолайлы әрі сапалы балабақшаны таңдаңыздар. Біз үшін ең үлкен жетістік – әр баланың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуі. Сол арқылы елдің де, ұрпақтың да болашағы жарқын болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ҚАЗЫҒҰЛ

