Qazyr.kz порталы
АймақҚазірҚоғам

«Жасыл ел»: Алматы экологиясын жақсарту және жастарды жұмыспен қамту акциясына айналды

Алматы қаласында жастарды уақытша жұмыспен қамтып, қаланың экологиясын жақсартуға бағытталған «Жасыл ел» еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны қаладағы «Жасыл ел» штабы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырды деп хабарлайды Qazyr.kz

«Жасыл ел» жобасының негізгі мақсаты – Алматы жастарын уақытша жұмыспен қамту арқылы қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына тарту, жастардың экологиялық санасын қалыптастыру және отансүйгіштік рухын арттыру.

2025 жылғы еңбек маусымы аясында 2100 жас уақытша жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 1266-сы өз жұмысын бастап кетті. Жастар қаладағы саябақтарда, скверлерде, жағалауларда және басқа да қоғамдық орындарда көгалдандыру, тазалау және абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Ашылу рәсіміне мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенді жастар қатысты. Қонақтар қатарында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, белгілі эколог Айжан Скакова, Республикалық штабтың төрағасы Жасуланулы Нурасыл, Қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ және жастар қозғалыстарының өкілдері болды.

Сонымен қатар, жоба аясында Алматының 5 жетекші жоғары оқу орны мен бірқатар экологиялық серіктес ұйымдармен ынтымақтастық орнатылған. Мұндай серіктестік жастардың тәжірибелік дағдыларын арттырып, экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.

Шара аясында мерекелік концерт ұйымдастырылып, Думан Марат пен ADIL сияқты танымал орындаушылар жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Жасыл ел» жобасына үшінші жыл қатарынан қатысып жүрген студент Олжабай Мерей өз әсерімен бөлісті:

«Жасыл ел» – бұл жай ғана абаттандыру емес, бұл – нағыз жауапкершілік пен достық мектебі. Әр маусымда туған қалама өз үлесімді қосып, жаңа адамдармен танысып, еңбегімнің бағаланатынын сезінемін», – деді ол.

2004 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде Қазақстандағы ең ірі экологиялық еңбек жобаларының бірі саналады. Алматыда жыл сайын мыңдаған жас осы жоба аясында бірігіп, елдегі еңбекке баулу, патриоттық тәрбие және экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосып келеді.

 

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда жазғы демалыс кезінде су айдындарын бақылау күшейтіледі

admin_qazyr

Арыста мектептен үйіне қайтар жолда адасып қалған оқушы қыз табылды

redaktor_qazyr

Монтайтастық жігіт ауыл көшелерінің бойына қоқыс жәшіктер орнатты

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz