Qazyr.kz порталы
Басты ақпаратЖаңалықтар

Жаз айында ақша табатын жастар қандай жұмыс істеп жүр?

 

Zhatpa.kz: Мамырдан кейінгі ай, табыс табуға жол ашатын мезгілдің енуімен байланысты ма дерсің?! Өйткені оқушы мен студент біткен бүгінде, жас емес жаз келсе, іске деп ұрандататын болған.

Заң бойынша мемлекетімізде еңбекке жарамдылық жасы 14-тен басталады. Кәмелет жасқа толуды күтіп жүрудің қазір қажеті шамалы. Бастысы, 14 жастан 16 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін  аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге 36 сағаттан асып кетпесе болғаны.

Қаражат көзін жастар қайдан тауып жүр? Аптап ыстықта олар сонда қандай жұмыс істейді? Өздеріне ұнай ма? Қоғам мұны бақылай ма?

Әуелі осыны жоғарғы оқу орнында оқып жатқан студенттерден сұрастырдым. 18-ден асқан  «өзім білемін» дейтін жастағылардың немен айналысатыны көпшілікке қызық болар. Байқауымызша басым бөлігі, мамандығына тіпті де жақын  жұмыс істемейді. Салдарынан, олар диплом үшін ғана университетке баратын боп көрінетіндей. Бұл ертеңгі күні, сандыққа кететін сала боп қала ма дейсің?! Айталық, ақпараттық қауіпсіздік мамандығында оқитын 19 жастағы студент қыз осы жазда  500 мың теңге табамын деп отыр. Алғашқы табысын 17 жасында алған. 19-ға жаңа толған бойжеткен қазір өз ісінің білгіріне айналып үлгеріпті. Жекелеген компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізу арқылы табыс табады.

Тап осы саламен жұмыс істегеніме ата-анамның еш қарсылығы жоқ. Желіде жиі  отыратын болғандықтан, тез меңгеріп алдым. Ал оқып жатқан мамандығым қазір өзіме ұнамай кетті.  Осыдан 2 жыл бұрын ара-тұра жұмыс істейтінмін. Ал осы үш ай  жазда ауылға қайтпай, Алматыда қалып жұмыс істеумен өткізбекпін. Кемі жарты миллион табамын деген ниетім бар. Тапқан табысымды өзімнің жеке қажеттілігіме жұмсаймын.  Бұрын аздап еріншектігім бар болатын, үйдің жалғыз қызы болғандықтан еркелікте жоқ емес. Қазір осы smm болып, жұмыс істегелі графигім өзгерді. Уақытылы ұйықтайтын болдым. Ата-анасының кәсібіне көмектесіп, жазды бос өткізбейтін таныстарым өте көп. Дегенмен, олар мәжбүрліктен жасауы мүмкін. Дегенмен, ішкі қалауы нені істегісі келсе, соған барған жөн деп ойлаймын. Жұмыс істеймін деген адамға қазір жұмыстың түрі көп. Ақша табатын қыздарды қоғамнан өте көп кездестіремін. Ал, егер жігіт бола тұра жазды бос өткізу ол ұят  секілді. Қанша жаста және кім болсаңда, жұмыс істеу ешқандайда ерте болып есептелмейді, – дейді Ажар Советхан.

Осыдан 10 шақты жыл бұрын жастар үшін ең танымал жұмыс түрі даяшы мен сатушы болатын. Көпшілігі ақша табумен қатар осы жұмыстардың арқасында ортаға сіңуді үйреніп шығатын-ды.  Бұл барлығына ұнай бермейді және қолынан келмейді. Ал, қазір физикалық жүктемені қажет етпейтін жұмыс түрі көптеп пайда бола бастады. Сәйкесінше, жұмыс істейтін жастар көбейді деуге болады. Өткен жылы мамыр айында Қазақстанда жасөспірімдерге 200-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған. Ұсынылған орташа жалақы – 70 мың теңге.  Жұмыс іздеуге арналған HeadHunter интернет ресурсының сарапшылары жасөспірімдер мен студенттер жазда көбінесе промоутер, курьер, байланыс орталығының операторы, репетитор, күтуші және т.б. болып жұмыс істейтінін айтады.

 

 

 

 

Ата-ананың қасында жүріп, жұмыс істеу қашанда ең қауіпсіз жұмыс түрі саналады. Егер олардың бизнесі бар болатын болса, өз баласының істеуі  шығынның азаюына да ықпал етеді.  Ал, мұны істеу оған ұнай ма?! Мәселе осыда. Ата-анасының жанынан алыстап, студент атанған жігіттің қазір көзқарасы өзгерген бе мұны екінші студенттен сұрадық.

Биыл бірінші курсты тәмамдап жатырмын. Жазда Алматыда қалып, жұмыс істегім келеді. Үлкен қала болғандықтан, жұмыстың түрі өте көп екен. Әрі өзің ақша тапқан бастапқыда қызық көрінеді ғой. Дегенмен, ауылға қайтып әкеме көмектесуім керек. Жексенбі күндері супермаркетте тауарды орналастырушы боп істеп көрдім. Техника дүкенінің қоймасында да істегенім бар. Бұл жұмыстардың оқып жатқан мамандығыма қатысы жоқ. Сондай-ақ ұнайтын жұмыс түрлері деп те айта алмаймын. Ақша және жаңа достар табу жағынан тиімді болды. Мен бұдан тек қалалық өмірге бейімді болу мен ептілікті үйрену мақсатында  ғана жасаған едім.

Ата-анасының шағын кәсібі дегенде, бізге базардағы сауда нүктесі, көлік жуу орталығы, дәмхана секілді жұмыс түрлері елестейді. Ал, Серікбайдың әкесінің жұмысы мүлдем басқа болып шықты. Ата кәсіп саналатын төрт-түлік өсірумен айналысады екен. Жаңа заманның баласы болса да, отбасылық кәсіпке қолғабыс тигізуден қашпаған баладан айналдық.

Мен, 13-14 жасымнан әкемнің кәсібіне көмектесемін. Тек жазда ғана емес, мезгіл аралық тоқсандық демалыстарда 10 күн болсын қасынан табыламын. Әкемнің жеке шаруа қожалығы бар. Көктемде малды төлдетіп, жазда жайлауды өткіземін. Күннің ыстығында күні бойы далада жүру оңай емес. Адал жұмыс  істейтін адамдарды табу қиын. Сондықтан, мен отбасымызға табыс әкеліп тұрған іске әлбетте ат салысуым керек, – дейді Серікбай Мырзабайұлы.

Жылдан-жылға қымбаттап жатқан азық-түлік, киім-кешектің бағасын ескерсек, жазды бос өткізетін бала жоқ секілді. Ата-анада бұған жол беруге мәжбүр. Тек жеткіншектердің жеке бас қауіпсіздігіне нұқсан келмесе екен. Денсаулығына да кері әсері жоқтығы бақылануы маңызды. Тек тиын табуды ойлап, ғылым-білімге баратын жастардың санын азайтып алмасақ дейміз. Қыркүйек болғанда, жазда қандай кітап оқығанын жарыса айтатын жанды таба алмай қалмасақ болғаны. Қашанда мәселенің екі ұшы бар.

Автор: Мөлдір Бегімбет

Ұқсас жаңалықтар

Алматы қаласында Қуандық Бишімбаевқа іздеу салуда

redaktor_qazyr

Қамаудағы тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрімнің сотына бара жатырған блогерді қамауға алды

Redaktor Site

Қоғам қайраткері Ахмет Баржақсиннің туғанына — 130 жыл

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz