Талдықорған қаласында жылына 150 мың тонна тегістегіш болат шар өндіретін жаңа зауыт салынбақ. Бұл ретте облыс экономикасына 85 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылып, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру өңірдің тау-кен металлургия саласына тың серпін береді деп күтіліп отыр,- деп хабарлайды Qazyr.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жобаны жүзеге асыруға қатысты жуырда Астана қаласында KAZ Minerals Тобы мен чилилік Compania Electro Metalurgica SA (ME Elecmetal) өзара келісімшартқа қол қойды.
Аталған ресми шараға еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығы, елшілік өкілдері, компаниялар қызметкерлері, сол сияқты өңірден Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қатысты. Ә.Қанағатов өз сөзінде жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жергілікті атқарушы орган тарапынан заң аясында қажетті қолдаулар көрсетілетін жеткізді.
Атап өтсек, жобаға қатысты жұмыстар облыс басшылығы тарапынан өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпаратына қарағанда, жаңа зауыт Талдықорған қаласында салынады деп жоспарланып отыр. Экспортқа бағытталған кәсіпорын 2028 жылы іске қосылады деп күтілуде. Зауыт шығаратын тегістеу шарлары Кербұлақ ауданындағы «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС металлургиялық комбинатының мыс және мыс өнімдерін өндіруі барысында да қолданылмақ.
Еске салайық, тегістегіш болат шарлар шар диірмендеріндегі кендерді, көмірді, клинкерді және басқа материалдарды ұнтақтауға арналған. Өнімнің негізгі тұтынушылары — тау-кен байыту секторының кәсіпорындары, жылу электр станциялары және қатты материалдарды ұнтақтау қажеттілігі бар басқа кәсіпорындар.