Qazyr.kz порталы
Руханият

Марфуға Айтқожина — Наурыз

Келдің бе,
Наурызым, аңсаттырған,
Жамырап жапырақтар, ән сап қырдан.
Келдің бе, жанарыңнан
Жыр жаудырып,
Жұлдыздар төксін нұрын, самсап тұрған!

Наурызды қастерлейміз Жыл басы деп,
Түлетер сай-саланы, жылғасы көп.
Халқыма наурыздың айтары мол,
Күйіне көңіл қойып,
Тыңдатшы тек!

Қалғанбыз, көп замандар көзді жазып,
Бастасын өмірлі әнін,
Енді нәзік!
Құстардың бәрі-дағы шетке кеткен,
Бауырын жылы жақтан келді жазып.

Наурыз келді бізге сәніменен,
Бүгінгі шырқататын әні де ерен!
Наурыздың ақ таңында тілейтінім,
Көктемдей көп жаңғырсын,
Жаның өрен!..

Көктемнің сезіміне беріліп бір,
Жоталар жонданады,
Керіліп қыр!
Қаулаған қырлардағы қызғалдақтай,
Наурыздың айтар сыры өріліп тұр.

Бұл күні тілейтұғын тілек жақсы,
Шырағын жарқырата жүрек жақты.
Үйінде бар қазақтың жақсылық боп,
Шыңдарым,
Жаңалықтан түлеп жатсын!

Тойлаймыз бәріміз бұл мерекені,
Ырысқа толсын елдің төр-етегі!
Төрт көзі түгел болып қазағымның,
Болса екен,
Тату-тәтті, берекелі!

Ұқсас жаңалықтар

Мағжан Жұмабаев-Осы күнгі күй

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Әбілқайыр хандығы

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz