Qazyr.kz порталы
Аймақ

Таудың тағдыры Алматы туризм мен табиғаттың тепе-теңдігін іздейді

Алматы өсіп келеді. Қаламен бірге оның ең қымбат табиғи байлығы — тауға бет алған адам саны да көбейіп жатыр, — деп хабарлайды Qazyr.kz.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қала маңындағы тау көбіне қысқы демалыс орны ретінде қабылданатын. Қазір мұнда жылдың төрт мезгілінде спортпен айналысуға, серуендеуге, табиғат аясында демалуға және туристік бағыттарды аралауға мүмкіндік бар. Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, кейінгі алты жылда таулы аймақтарға келушілер саны 4,5 есе көбейіп, жылына шамамен 1 млн адамға жеткен.

2026 жылы Алматы тауларына 1,5 млн-нан астам адам барады деген болжам бар. Демек табиғатқа түсетін салмақ инфрақұрылым салынғаннан кейін ғана пайда болмайды. Жүктеме қазірдің өзінде бар және жыл сайын артып келеді.

Ретсіз пайда болған соқпақтар, көлік қозғалысы, тұрмыстық қалдықтар мен адамдардың белгілі бір бағыттарға шамадан тыс шоғырлануы экожүйеге әсер етеді. Сондықтан негізгі мәселе тұрғындарды таудан алыстату немесе табиғи аумақтарды толық жабу төңірегінде тұрмауы керек. Күн санап өсіп жатқан туристік ағынды басқару және адамдар тамашалауға келетін табиғатты сақтау маңызды.

Алматы тау кластері жобасына да осы тұрғыдан қараған жөн. Жоба «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарын Кимасар шатқалы, Бутаковка және Pioneer курорты арқылы өтетін аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесіне біріктіруді көздейді. Мұндағы мақсат жаңа аумақтарды ретсіз игеру емес, бұрыннан туристік және шаруашылық қызмет жүріп жатқан жерлерді жүйеге келтіру.

Кластер аумағындағы бірқатар нысан ондаған жылдан бері жұмыс істейді. Сол себепті жоба ұлттық парктің кең көлемдегі бөлігін құрылыспен қамтуды қарастырмайды. Жоспарланған жұмыстар Іле Алатауы ұлттық паркінің жалпы аумағының 0,049 пайызына ғана тиесілі.

Экологиялық шектеулер құрылыс басталғаннан кейін емес, жобалау кезінде есепке алынуы тиіс. Осы мақсатта өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі, су көздері, топырақ, биоалуантүрлілік және табиғи қауіптер зерттелген. Алынған мәліметтер трассалардың бағытын өзгертуге, құнды табиғи аумақтарды айналып өтуге және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс басталар алдында әр учаскедегі өсімдіктер қайта тексеріледі. Мамандар жасыл желектің нақты орналасқан жерін, түрлік құрамын және қазіргі жағдайын анықтауы керек. Мұндай тәсіл табиғи ортаның ерекшелігін құрылыс барысында барынша ескеруге бағытталған.

Зерттеу кезінде қар барысының, Тянь-Шань қоңыр аюының және Түркістан сілеусінінің ықтимал қозғалыс бағыттары қарастырылған. Басқа жануарлардың мекендейтін және көшіп өтетін аумақтары да назарға алынған. Трассалар мен инфрақұрылым нысандары жануарлар дүниесіне барынша аз кедергі келтіретіндей жоспарлануы қажет.

Алматы қорығының жақын орналасуы қосымша табиғат қорғау шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Кластерді пайдалану кезінде биотехникалық жұмыстар атқарылатын және жануарлардың мекендеу ортасы қалпына келтірілетін арнайы аумақтар құрылуы ықтимал. Соның нәтижесінде қорықтағы жануарлардың көршілес табиғи аумақтарға таралуына жағдай жасалып, олардың санын көбейтуге мүмкіндік туады.

Таудағы су ресурсы да ерекше бақылауды қажет етеді. Су алу арнайы рұқсат болған жағдайда және табиғи арналарға қажетті экологиялық ағын сақталған кезде ғана жүзеге асырылмақ. Ағын суды өзендер мен басқа табиғи су көздеріне тікелей төгуге жол берілмейді.

Жасанды қар дайындау кезінде су мен ауа ғана пайдаланылмақ. Жоба сипаттамасында химиялық реагенттерді қолдану қарастырылмаған. Аталған талаптар табиғи су жүйесіне түсетін ықтимал әсерді азайтуға тиіс.

Алматы таулары экологиялық мәселелермен қатар табиғи қауіптерді де ескеруді талап етеді. Кластер аясында көшкін қаупі бар аймақтарды белгілеу, қарды ұстайтын құрылғылар орнату, су бұру және селден қорғау жүйелерін салу жоспарланған. Сондай-ақ беткейлерді тұрақты бақылау, жедел хабарлау және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру тетіктері қарастырылған.

Дұрыс ұйымдастырылған туристік инфрақұрылым табиғатқа түсетін салмақты азайтатын құралға айнала алады. Бірнеше бағытқа ретсіз таралған туристер белгіленген маршруттармен жүріп, қалдық жинау мен қауіпсіздік жүйелері орталықтандырылады. Жобадан түсетін қаражаттың бір бөлігі табиғи аумақтарды қорғау мен қалпына келтіруге жұмсалса, кластердің экологиялық тиімділігі арта түспек.

Алматының алдында қазір екі түрлі бағыт тұр. Біріншісі — туристік ағынның бұрынғыдай бақылаусыз ұлғаюына мүмкіндік беру. Мұндай жағдайда тау жолдарындағы көлік көбейіп, жаңа соқпақтар пайда болып, қалдық пен адам жүктемесі танымал аумақтарға шоғырлана береді.

Екінші бағыт — адам ағынын басқаратын ұйымдасқан жүйе қалыптастыру. Мұнда инфрақұрылым белгілі бір аумақта орналасып, туристер бірнеше маршрутқа бөлінеді, ал табиғи қауіптер алдын ала есептеледі. Экожүйенің жағдайы тұрақты бақылауда болуы керек.

Алматы тау кластерін осы қисынмен бағалаған жөн. Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қою мәселені жеңілдеткенімен, дұрыс шешімге жеткізбейді. Қазіргі Алматыға туристік инфрақұрылым да, табиғатты қорғайтын қатаң тәртіп те қажет.

Тауды сақтау оны адамдардан толық жабу деген сөз емес. Дамыту да табиғи аумақты тұтас құрылыс алаңына айналдыруды білдірмейді. Негізгі өлшем салынған нысандардың саны емес, туристік ағын көбейгеннен кейін таудың қандай күйде қалатыны болуы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда БАӘ-нің ірі девелоперлерінің бірімен инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды

admin_qazyr

Шардарада «Жайлы мектеп» қолданысқа берілді

admin_qazyr

ALGA! жобасы: Қарағанды мектептерінде алғашқы футбол сабақтары өтті

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz