Qazyr.kz порталы
Руханият

Ринат Зайытов — Жастайымнан ілесіп жыр көшіне

Жастайымнан ілесіп жыр көшіне,
Отау тіктім өнердің іргесіне.
Мен бірақ ешқашанда қызыққам жоқ
Айтыстың атағы мен жүлдесіне.

Бірде жылдам, ал бірде баяулатып,
Жырлаушы едім тыңдарманға ой аулатып.
Атқа мінбей қалсамда аламаннан.
Рахаттанып қайтқанмын жаяулатып!

Шаң боратып шабатын бір көсіле,
Сағынып алам өткен күнді есіме.
Себебі бар ойымды қамап қойды,
“Пысықтар саясаттың түрмесіне”.

Әріптестің бір жүрген ұлы жолда
Бүгінде бірі “жұлдыз”, бірі “молда”.
Бір туған жақынымдай түр жасап ап,
Сыртымнан жамандауға тілі жорға.

Жоқ менде жалған сөйлеп бетке күлу!
Жоқ менде жағымсынып көтке кіру!
Мендік тағдыр – қасқырға бұйырған бақ
Шибөрілер тобынан шетте жүру.

Иілмеймін себебі Ел тұр артымда
Сатпаймын ақиқатты “нұр”, “алтынға”.
Таңбаспын өз сертімнен , мейлі иттердің
Жармассын бірі аяққа, бірі алқымға.

Домбырамның көк шаңын сүртіп алып,
Айтысқа қайта келем бір күн анық.
Сол кезде айналамын өзенге мен —
Жататын тауларды да сілкіп ағып.

// Ринат Зайытов

Ұқсас жаңалықтар

Абай Құнанбайдың оныншы қара сөзі

redaktor_qazyr

Азаматтың қанаты ғой ат деген

Redaktor Site

“Қазақ дәптері” кітабынан

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz