Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғамРуханият

Қазақшылық

Сурет: Е- history.kz

Ұзақ жыл дәрігер мамандығын оқыған қазақ қызы өз денсаулығына қарамады. Оған уақыты да жоқ. Ертелі-кеш кітаптан бас алмайтын қызының жүдеп кеткенін байқаған анасы ауылға саумал ішуге шақырды.

«Қазақшылықтан ем қонбайды» деген қызының қарсылығына қарамай, отыз күн бие сүтін ішкізді. Таза ауада серуендетіп, түрлі шөп дәрілер қайнатып берді. «Жұрттың тіл, көзі де бар» деп қара молдаға дем де салдырды.

Арада ай өткенде «қазақшылықтан» бетіне қан жүгіріп, денсаулығы түзелген дәрігер қыз қалаға қайтты.

***

Күн ыстық. Үлкен жолдың бойында екі полиция көлік тоқтатып тұр. Қария кісінің құжатынан кемшілік табылды.

– Қаладағы үлкен баланың үйіне бара жатырмын. Бара осы құжаттарды жасатамын, жібере ғой, айналайын. Қазақтың баласы екенсің, сенің де атаң бар шығар, – деді қария.

– Көке, заңның аты – заң! Қазақшылыққа жол жоқ!

– деді гаишник.
– Қария кісі екен, жібере салайық, – деді қасындағы серігі. Әлгі заңқой ойланып қалды. Не дерін білмей қиналып тұрғаны байқалады. Қатталып қағазға түскен Ата Заңымыз бен қария айтқан қазақшылық ой таразыға түсті. Қолындағы қағазбен алдындағы қарияға кезек қарап сәл тұрды. Ақыры қазаққа қанмен келетін, ұят пен ибадан тұратын жазылмаған дала заңы қазақшылық таразы басты.

– Жасыңызды сыйладым, – деп құжатын қайтарып берді.

Батасын беріп қария да жөніне кетті.

***

Ақмарал ауыл шетіндегі дүкеннен келе жатыр. Ол тым асығыс еді . Алақандай ауылда екі ғана көше бар. Ақмарал сол қос көшенің қиылысар тұсына келгенде кілт тоқтап, тұра қалды. Іштей үйіндегі тірлігін ойлап асығып-ақ тұр. Бесіктегі бала, төсектегі қария, ашыған нан, … бәрі-бәрі мұны үйде күтіп отыр. Бірақ Ақмарал алға бір қадам да баспады. Себебі сонау көшенің көз жетім басында ауыл қариялары асықпай аяңдап келе жатыр еді. Солардың алдын кесіп өтуге ұялып тұр. Шешесі мен енесі үйреткен қазақы тәрбиенің биік қамалынан аса алмай тұр. Қариялар қасына келе бере иіліп сәлемін салды . «Көп жаса, Тәңірі жарылқасын, айналайын» деген батасын алды. Ақмарал аз уақыт күткеніне өкінбейді, қайта өз ісіне көңілі толып қуанып қалды. Қариялардан бата алғанына көңілі марқайып, енді үйіне қарай асыға жөнелді.

***

Кең бөлменің төрінде әулет үлкендері жағалай отыр. Қабақтары қату. Барлығының назары ортада басын төмен иіп, тізерлей отырған балаң жігітте. Үнзіздікті қаралы үйдің егесі бұзды.

– Ее, қайтейін, – деді ол ауыр күрсініп. – Өлер бала өлді. Сені соттатқанда оның орны тола қоймас. Қазақта: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген бар. Әдейі өлтірген жоқсың ғой. Алланың ісіне не шара? Тым жас екенсің, айналайын, бағыңды байламайын, жалғызымның өлімін кештім! – деді. Соңғы сөзін айтқанда бетін көпшіліктен жасыра бұрып, иегі кемсеңдеп кетті. Оған да оңай емес.

Балаң жігіт те іштей тығылып зорға шыдап отыр екен, ет беттей құлап, өкіріп жылап жіберді.

Айнала отырғандар да иықтарынан ауыр жүк түскендей жеңіл демалысты. Бірде-біреуі қарсы пікір айтпай, үнсіз бас шұлғып қоштағандай болды. Өйткені бұлардың барлығы ар-ұятқа, обал-сауапқа негізделген қазақшылықтан тәлім-тәрбие алғандар еді.

Мінекей, құрметті оқырман, «қазақшылық» дегеніміз – нағыз адамгершіліктің өзі. Қазақ үшін қазақшылықты жоғалту – адамгершіліктен айырылу болып табылады. Кісінің басына іс түскенде «заң, заң» деп тақылдайтындарға айтарым:

«Заңмен шешіп жеңіске жетсең, өзің ғана қуанасың. Кісінің көз жасын, наласын арқалайсың. Ал адамгершіліктен аттамай, қазақшылықтың қағидасын ұстансаң естіген ел қуанады. Ағайыннан да алғыстан басқа аларың жоқ!
Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қыздар үшін іш қату зиян дейді, оны қалай емдеуге болады?

redaktor_qazyr

Киімге жабысқан сағызды қалай алады?

Redaktor Site

Қазақ халқы «Қарындас» сөзін дұрыс қолданып жүр ме?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz