«Түрік» деген ат алғаш рет 542 жылы аталады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған, мұның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді. 546 жылы тирек (телэ) тайпалары Моңғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жкань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Тумынның (Бумын) басқаруымен түріктер телэ әскерлеріне шабуыл жасап, жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді бұрын өздері тәуелді болып келген аварларға (жуань-жуань) қарсы шығады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қаған деген атағын алады. Бумын 553 жылы қайтыс болады.
Бумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Оның ел билеген кезі 553–572 жылдар. Мұқанның тұсында аз уақыт ішінде (553–554 жж) түріктер шығыста қайлар, қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Тумынның басқа бір інісі Естемі жүргізді. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды. 563 жылы Түрік қағаны Силзибул (Естемі) Эфталит мемлекетін басып алуға кіріседі.
571 жылы Естемі қаған Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін, 582–593 жылдары Түрік қағанатында билік үшін қырқыс басталды. Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сүй әулетінің (581–618 жж.) шабуылы күшейді. Бұл жағдайлардың барлығы 603 жылы Түрік мемлекетінің екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды.
Алдыңғы
Келесі