Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Мағжан Жұмабаев туралы тың ақпарат

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев (1893-1938) — қазақ әдебиетінің көгіндегі XX ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері — бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.

Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп, енді Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара-пар Медресе-Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл-кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой-сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу-кегін табиғи байланыстырып жібереді. Бұл кез оның қазақтың ардақты азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Абайдың қалдырған өсиеті

redaktor_qazyr

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz