Qazyr.kz порталы
Руханият

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы — Ағайын

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай, айналып, жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.

Жаман атақ бойыңа тақпайтын да ағайын,
Тарыққанда рақым ғып, сақтайтын да ағайын.
Сабыры қалмай сағынып, жүретін де ағайын,
Есіне алып, елжірей білетін де ағайын.

Мақтағанда мамыққа бөлейтін де ағайын,
Алаңсыз сұрап алыстан жөнейтін де ағайын.
Сылдыр сөзбен сыбырлап, ерітетін де ағайын,
Ұйықтап жатқан жыланды түртетін де ағайын.

Айтқаныңа қалтқысыз сенетін де ағайын,
Аяқ тайса, алдымен көретін де ағайын.
Маңдайдағы күніңді жоқтайтын да ағайын,
Басыңдағы бағыңа тоқтайтын да ағайын.

Жаяу жүріп аттыға ұқсайтын да ағайын,
Адал айтқан ақылды ұқпайтын да ағайын.
Адасқанда аттарын беретін де ағайын,
Кем-кетікті көл қылып теретін де ағайын.

Туысқансып түрлі істі білетін де ағайын,
Қылға тізіп қимылды, күлетін де ағайын.
Жолы болып жортқанда, еретін де ағайын,
Еріксіз ұстап қолыңнан, беретін де ағайын.

Жан қысылса, жатырқап, үркетін де ағайын,
Көлгірсініп көз жасын сүртетін де ағайын.
Толып жатыр түрлі сөз, қайсы бірін жазайын
Әуел баста аңдамай, тартып жүрме сазайын!

Ұқсас жаңалықтар

Балалық балладасы

Redaktor Site

Наполеон және Гитлер

Redaktor Site

Талғат Теменов

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz