Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратБілімЖаңалықтарҚазірРуханият

Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.

Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен.
Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды қолдаудың сан түрі бар.
Білімді жастарға мыңдаған оқу гранты берілуде. Соның бірегейі — кітапқа деген маздаған махаббаты мен кітапты қазына деп білгені үшін берілген грант. Алғаш бұл оқу грантын естіген шақта сену қиын болды. Ақпараты сәт алмасып, көбі телефонға телміруден әрі аса алмай уақытта кітап оқып грант иеленген жанды көргім келді. Көрдім! Сұңғақ бойлы, еңбекке әбден шыныққан өз-өзіне сенімді жаспен таныстым.
Ойы ұшқыр,арманы заңғар азамат тоғыз жасынан түрік, орыс, қазақ тілдерін жетік сөйлеп, сол халықтардың көркем әдебиетін оқуға дағдыланып алған жанмен сөйлесу қиынға соқпады. Жас бұтақтай енді өмірге төселе бастағанда алдында өнеге болмаса — жас көңіл тура жол деп көп адасады. Марданға кітап оқу әдебін үйретіп үлгі көрсеткен атасы — Әлиев Рахматулла. Өз заманының белді оқыған азаматы болған қария әлі күнге дейін елдің жоғын жоқтап, барына болысып ауыл биі ретінде халыққа пайдасын тигізуде. Атасының тәлімімен жүріп кітап кеміруді саналы түрде қолға алған жасқа оқу грантын тағайындаған Түркістан және Шымкент қалаларының мыңдаған жастарына білім беріп отырған заманауи жоғарғы оқу орны – Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті.
«Достықтың алтын көпірі» деген атқа ие аталымыш жоғарғы оқу орнында бүгінгі таңда он үш мыңнан астам студент келешегіне даңғыл жол салу үшін білім жиюда. Өткен аптада тағайындалған ректор гранты жөнінде университеттің ректоры Рабиға Қуатбекова және Рахматулла Марданмен тілдесудің де сәті түсті.
Рабиға Қуатбекова:
– Жастардың оқу-білімге құштарлығын арттыру – бүгінгі ақпарат заманында өткір мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың оқитын ұлтты құру идеясын іске асыруға баршамыз мүдделіміз. Бүгінгі кітап оқыған азамат – ертеңгі елдің тұтқасын ұстанған азамат. 2011 жылы Қазақстан Халықтар достығы университетінің негізін салушы Әбдімұса Мұратұлы алғаш кітапқа құмар жастарды қолдау үшін арнайы өз қаржысынан оқу грантын тағайындау жұмысын бастаған болатын. «Жақсының аты — ғасырлық, жақсының ісі – ізгілік» деген Әлішер Науаидың сөзін жиі айтатын. Бұл үлкен – сенім. Менің ғана емес, университеттің сенімі. Сондай үлкен сенімге ие болған болашақ студентіміз – Мардан Қанатұлы. «Түлкібас ауданының үздік оқырманы-2023» атанған. Республикадағы үздік жүз оқырманның бірі. Оның таңдаған мамандығы – дене шынықтыру және спорт. Мықты спорт пен білімді қатар алып жүретін студент ретінде өзін дәлелдейтініне сенім артамын!
— Мен өмірде барлық жетістікті, жақсылықты кітаппен байланыстырамын. Жетістікке әлі де бастай беретініне сенем. Кітапхананы сүюді атам үйретті. Құдай қосқан көршіміз – Тамаша Османова мен биыл аяқтаған Олег Кошевой жалпы білім беретін білім мекемесінің кітапханашысы. Өте білікті маман. Кітапқа қол жеткізу сол үшін маған жиырма төрт сағат бойы қол жетімді болды. Ауылдық кітапханада оқырманға ілтипат пен махаббатпен қызмет көрсетеді. Қолдайды. Түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. Маған біліммен бұдан ары жетілуге үлкен мүмкіндік сыйлаған Академик Әбдімұса Қуатбеков университетінің ректоры Рабиға Әбдімұсақызына үлкен алғысымды білдіремін!
Біздің Тастұмсық ауылдық кітапханамызда оқырманды шыңдау үшін бар жағдай жасалған. Соңғы оқыған кітабым – Сейдахмет Бердіқұловтың таңдамалы шығармалар жинағы, – дейді Мардан Рахматулла.
Мардан қолына түскен кітапты оқи бермейді. Талғам бар. Қолына түскен кітаптың екі бетін оқып қарап, мазмұны ұнаса, оқи жөнелетін қасиеті бар.
«Кітапханаға құрметі биік адамның мәртебесі биік болмаса, төмендемейді» деген осы ойға мықтап бекінген. Мардандай мақсаты айқын жастарды қолдау – оқитын ұлтты құрудың басты қағидасы. Құр сөзден ада, нақты іспен кітап құмар жастардың жолын ашуға тырысқан жоғарғы оқу орнының негізгі мақсаты – талғамы биік жас оқырмандардың санын арттыру. Өзінің бегзада болмысымен дараланған Мардан баламыздың болашағы жарық күндей жарқын болсын! Кітапты таңдап хәм талғап оқитын жастардың саны артуына күллі қоғам мүдделі.

Демет БАЙРАМОВА,
филология ғылымдарының кандидаты

Ұқсас жаңалықтар

Абай Құнанбайдың сегізінші қара сөзі

redaktor_qazyr

Ұялы телефонды қалай қолдану керек?

Redaktor Site

Мұқағали Мақатаев -Шеше сен бақыттысың

redaktor_qazyr
Qazyr.kz

Пікір жазу

Qazyr.kz