Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Мехнат Теміртасқызы — Жібек жүрек

Мен өмірге келген шығармын,
Барыңды сезіну үшін.
Армандап көз ілу үшін.
Түңлігін түріп түндердің,
Өзіңмен кезігу үшін.
Көзіңнің қарашығына,
Нұр болып берілу үшін..

Мен өмірге келген шығармын,
Жолымнан өзің күтсін деп.
Мұңдарым солай бітсін деп.
Аялы алақанымен,
Көзімнің жасын сүртсін деп..

Мен өмірге келген шығармын,
Азапты бұзып өтем деп.
Тірлікті қызық етем деп.
Қолымнан ұстаған жанның,
Түтінін түзу етем деп..

Мен өмірге келген шығармын,
Шыбықты шынар етсем деп,
Шындықты тұмар етсем деп.
Қураған тамырларды да,
Тірлікке құмар етсем деп.
Сезіммен сенген жүрекке,
Барыммен ұнап өтсем деп..

Мен өмірге келген шығармын,
Байыппен қарауым үшін,
Арманның алауы үшін.
Кездескен қиындықтарды,
Сынақ деп, санауым үшін.
Керқұла керім жырымның,
Кекілін тарауым үшін.
Өмірге келген шығармын..

Ұқсас жаңалықтар

Сәкен Иманасов

Redaktor Site

Серік Сейітман-Менің достарым

Redaktor Site

Жігіттерге өсиет

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz