Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Бауыржан Үсенов — Кәрі төбеттің соңғы сөзі

Күндіз-түні қораңда абалаған
Күзетші боп күн кештім саған, адам.
Тіл бермеген табиғат мылқау қылып,
Бақыт тіптен бұрылып қарамаған.

Ырылдасам – сыртыма кек шығарам,
Мендей болсын қорлыққа көп шыдаған.
Кездерімде қамыққан тар үйшікке
Тығылам да, өлердей өксіп алам.

Күн өртесе аптаппен жалақтаған,
Тілім сыймай аузыма салақтаған.
Өкпелеймін бүйірім солқ-солқ етіп,
Тәңіріме қасқыр қып жаратпаған!

Арнап әкеп асты да шын салмадың,
Құтқармайтын түрме боп тұр шарбағың.
Жауыр болды мойыным сүйретем деп
Қарғыс атқыр шынжырдың зіл салмағын.

Өмір кешіп құлдықта – қит демедік,
Құрсауда тек құрыдық биттеп өліп.
Айға ұшыпты деп кейде мәз боласың,
Алғаш ұшқан мына біз – иттер едік.

Құр үрумен қалайша жата аламын?
Бостандыққа өлердей қаталадым.
Соғыс жылы гранат боп жарылып,
Танкілерді қопарған аталарым.

Неше ықылым заманнан дос атым бар,
Босатыңдар, адамдар, босатыңдар!
Қасқырларға кетейін….
Сендер ғана
Бір-бірінен қауіпті тосатындар.

Білмей-ақ қой не барын көңілімде,
Бір риза болайын өмірімде.
Ит салтымен өлуді қиыңдаршы,
Көрсетпейді жақсы иттер өлігін де!

Ұқсас жаңалықтар

Қымыздың қасиеттері

Redaktor Site

Химия тест

Redaktor Site

Телефон туралы дерек

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz