Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Күләш Ахметова — Той бастау

Ақ босаға аттадыңдар сәтті күн,
Сезіп тұрмын сезімдердің пәктігін.
Көктемдегі дариядай тасысын
Көптен күткен қуанышым, шаттығым.

Той-думанға шөлдеп қалған екен ел,
Орындалсын айтыстар мен жеке өнер.
Телқозысын тең әлпештеп бүгін бір
Тебіреніп сөйлесінші әкелер!

Ынтымақсыз өнер алға тарта ма,
Бір көріңдер – тағдыр жүгін арта ма.
Қарақтарын батасымен қолдасын
Қарқарадай кимешекті қарт ана.

Айдай екен айналайын келінім,
Құлағына құйып отыр ел үнін.
Екеуіңнің ел-жұртың бар, далаң бар,
Ақтарсыңдар еңбегі мен сенімін.

Қазақ төрге қадірлісін шығарар,
Қашанғыдан төрге құмар жүдә олар.
Екі жастың басына емес,
Көп нәрсе
Сендерге де байланысты, құдалар!

Келін түсті, жаны – шуақ, ойы – гүл,
Көтерілсін достарыңның бойы бір.
Дастарқанға бар байлығын салатын
Дала көңіл дарқан елдің тойы бұл!

Отырсыңдар берекелі бейнемен,
Осындайда қозғайды екен ойды өлең.
Шаттан, жұртым, екі аққудың тойында,
Ойын-күлкі отаны ғой той деген!

Келін, сенің жолың құтты шамамда,
Назарыңды аударып қой маған да.
Түскен жерің – қадірлі жер, біліп қой,
Тегін емес бетіңді ашқан ағаң да!

Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,
Мұқалмаңдар, мұратыңа жетіңдер.
Бір-біріңе дәл бүгінгі сезіммен
Өмір бойы ғашық болып өтіңдер!!!

Ұқсас жаңалықтар

Кеш, күнім!

Redaktor Site

Таңғы ұйқыдан ояна алмайтындарға кеңес

Redaktor Site

Ұшақпен ұшатындар нені ескеру керек?

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz