Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Нұрлығайын Нұғманов – Алып қашу

Дамыған өркениет заманында,
Бейбіт күн, ел мен жұрттың аманында,
Біреулер заң мен арды белден басып
Жасап жүр басқыншылық амалын да.

Дәстүр деп бабалардан келе жатқан,
Қыздарды алып қашар пәле тапқан,
Зорлықпен күштеп алып кеткенімен,
Өзара келістік деп жала жапқан.

Тақаған жалғызым деп маңдайына,
Ұсынған бар тәттісін таңдайына,
Қырмызы қызғалдағын, құралайын,
Ата-ана қия ма екен ондайыңа.

Дәстүрдің жөн көрсек те озығына,
Жалғаған өнегелі қызығына,
Алайда, жөнсіздерін тыю қажет
Жол бермей артық, ерсі, тозығына.

Қолданып заңның күшін есерлерге,
Тыйым сап керітартпа кеселдерге,
Құқығын таптатпайық қыз баланың
Тәртібі босаң болса өсер ме ел де.

Ата-ана жәбір көрген ашынады,
Зорлықпен кімдер, неге басынады,
Қызымен алдын ала сөз байласса
Айтпай ма ондай жайды ашық әрі.

Сүймейтін әлдекімнің зорлығына
Жасаған бейбастақ бұл қылығына,
Ыза боп күйінеді ата-анасы
Қайтсек те бұзамыз деп торды мына.

Алған жақ қызды алдап көндірем деп,
Келіссең құдаларды сендірем деп,
Байғұсты жыласа да босатпайды
Көнбесең қара аспанды төндірем деп.

Бұл жайды дер шағында анықтамай,
Жасаған істің жайын байыптамай,
Қайда жүр есті азамат жөн білетін
Ұр да жық есерлерді айыптамай.

Қайда жүр сол ауылдың ақсақалы
Аузына ел қараған, жақсы атағы,
Араша болмай ма сол есерлерге
Бейшара қызды неге қақсатады?!

Зорлықтың, басынудың заманы өткен.
Тұрғанда Заң күші бар қоғам өктем,
Есерсоқ, арсыздарды тыю керек
Жасаған әлімжеттік шығып шектен.

Қыздардың абыройы төгілмесін
Әркімнен зорлық көріп егілмесін,
Қара күш, көрсеқызар, сотқарлардан
Ешқашан қорлық көріп жеңілмесін.

Ұқсас жаңалықтар

Каратэнің шығу тарихы

Redaktor Site

Дина Төлепбергенге қатысты

redaktor_qazyr

Абай Құнанбайұлы

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz