Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Қадыр Мырза Әли

Не жетеді түсініс,
Ұғынысқа!
Мақсатыңды дегенмен мығым ұста.
Қайғыратын өмірде нәрселер көп,
Қуанарлық аз емес құбылыс та!

Түсінбеймін өкпенің не екеніне,
Тату болмай бола ма некеліге?!
Қуанамын,
Адасқан қайтып келсе
Алғашқы ұя — махаббат мекеніне!

Таусылмайды тентектің төбелесі,
Төбелесте қозады делебесі.
Қуанамын,
Бұзықтың
Соңғы сәтте
Түсіп кетсе қолынан селебесі!

Есептеулі шығысың,
Кірісің де.
Қайғырмайсың жаныңның сірісінде.
Қуанамын,
Жалаулы мақсатына
Жетсе талант көзінің тірісінде!

Жойқын өзен — тіршілік ағысында
Жолдас болғай парасат барыс ұлға.
Қуанамын,
Қазақтың бір баласы
Озып шықса өнердің жарысында!

Керек емес қызулық ойында аса
Жігіт емес шығынын уайымдаса.
Қуанамын,
Жұлыспай,
Жағаласпай
Бірін-бірі мықтылар мойындаса!

Дақыл болса шаруаның қамбасында,
Ақыл болса ағайын,
Қандасында…
Қуанамын,
Адамды алаламас
Әділ қазақ отырса ел басыңда!

Үміт күтіп, ініден,
Түстастан да,
Күдіктене қараймын қысқы аспанға…
Қуанамын,
Қаулы алып өкіметім,
Жақсы ниет шынымен іске асқанға!

Алтын-күміс біреудің ілгегі де,
Асып-тасар жолығып пұл кеніне…
Қуанамын қашанда жақсылыққа,
Қуанамын қуана білгеніме!

Ұқсас жаңалықтар

Ғабиден Қожахмет — Әкге балалардың тілегі

redaktor_qazyr

Қызметтен кеткен басшы елден кетсе, ол басшы халыққа жақын болмағанының белгісі

admin_qazyr

Журналист – тұлға, лауазым, мінезі – дала, тау, өзен

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz