Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Бәйбішелер

Қазақта болған сыйлы бәйбішелер,
Әрқашан әулеті үшін қайғы шегер,
Бір өзі бір руды ұйыстырған
Шешетін шиеленген дауды шебер.

Кіршіксіз қарқарадай жаулықтары,
Күтетін тұла бойын, саулықтарын,
Көрсетіп өнегесін, ізгілікке
Үйреткен келіндердің баулып бәрін.

Ұл, қызға беріп тәлім ақылымен,
Үлгі боп айтқан талай нақылымен,
Баршаны құшағына тарта білген
Құрметтеп, бауыр, туыс, жақынымен.

Олардың пейілдері кең болатын,
Даламен дархандығы тең болатын,
Балам деп құшағына тартқан сәтте
Жаныңа шуақ тарап, ем қонатын.

Жатты да, жақынды да алаламай,
Ешкімді ешқашан да табаламай,
Жаятын қонағым деп дастарханын,
Аз көп деп қолда барын шамаламай.

Сол үшін жұрты оны қадірлеген.
Адам деп адал, жомарт, тәуір деген,
Шаңырақтың, әулетінің құты болған
Аз ба еді ақ әжелер Тәңір деген.

Көрінбейді, қайда сол бір жарықтықтар,
Фәниден өтті-ау, сірә, сарықтық па,
Кезінде ел боп құрмет көрсеттік пе,
Ерекше ырза қылып жарыттық па??

Бүгінде бар ма сондай бәйбішелер
Ел-жұртым, әулетім деп қайғы шегер,
Бүтінге, жартыға да пана болар
Шешетін даналықпен жайды шебер.

Ел тыныш, қиын заман оралмасын,
Ұлтымның салт, дәстүрі тоналмасын,
Кимешек, жаулықтары қарқарадай
Данагөй бәйбішелер жоғалмасын.

Ұқсас жаңалықтар

Әке

Redaktor Site

Тіс пломбалары енді қажет емес

Redaktor Site

Жігіттерге өсиет

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz