Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Темірғали Көпбай

Таптырмас тәтті мұң боп есіл арман,
Санаға сағым сезім көшіп алған.
Ғашықтық – бір құдірет ғайыптан кеп,
Ғаріптің еркін баурап, есін алған.

Махаббат – бал қосылған заһар деген,
Уынан көзсіз ғашық татар деген.
Махаббат – сезімге мас көңіл құсы,
Жүрмейді ол көпке ілесіп қатарменен.

Ғашықпен тамұққа да енсін мейлі,
Ғашықсыз жұмақ төрін жерсінбейді.
Ғашықтың жүрегінде серт тұрғанда,
Махаббат алтын тақты менсінбейді.

Махаббат – ар-намыс қой тұнып тұрған,
Жолында сүйген жанның жігіт құрбан.
Махаббат – мүсәпірді патша қылып,
Ғашыққа кедейлікті ұмыттырған.

Болса да адамзаттың нәуетегі,
Ғашықтар сүйгеніне тәу етеді.
Махаббат – олжа салу тәсілі емес,
Махаббат – құрбандықтың тәуекелі.

Тірлікте талайлардың тайған бағы,
Серілер сүйгенімен сайрандады.
Махаббат майданында жеңімпаз жоқ,
Шын сүю – мойынсыну майдандағы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақтың ұлы тұлғасы — Абай Құнанбайдың болашақ ұрпағына қалдырған өсиеті

redaktor_qazyr

Құрманай Бақтиярқызының өмірбаяны

redaktor_qazyr

Мағжан Жұмабай: Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz