Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Анамды ойлағанда

Анамның алдында мен тауға айналам,
төбемді көкке беріп,
төмендік,
ұсақтықты жек көреді,
себебі ол,
тік тұрам,
Алатаудан аумай қалам!

Анамды ойлағанда тауға айналам,
ықтасын,
панасымын,
арқасын желге тосқан баласының,
қалқасын сезінбесе —
жаурайды анам.

Анамның алдында мен орман болам,
қорғанмын,
мыңмын,
көппін,
ішінде жүрем ылғи бір дүрмектің,
сыртымнан мені көріп қалғанда анам.

Анамды ойлағанда ормандаймын,
көреді көп ішінен бекем ұлды,
білмеуі керек жалғыз екенімді,
сондықтан,
жабықпаймын,
қорланбаймын.

Анамның алдында мен жолға айналам,
жолы деп адамдықтың аталатын,
бақытқа,
болашаққа апаратын,
үркерін бар үміттің маңдайға алам.

Анамды ойлағанда даңғылданам,
шалдығып,
шаршамаймын,
жеткеремін,
белесті,
шөлейтті де өткеремін,
артса да қанша жүгін тағдыр маған.

Анамның алдында мен күнге айналам,
жап-жарық,
ұлық,
биік,
маңдайын бұл әлемнің сүйіп тұрып,
жадырап мен күлмесем, күлмейді анам.

Анамды ойлағанда шырайланам,
Анадан алған барлық жылылықты,
махаббат,
мейірімді,
ұлылықты,
таратпай кең дүниеге шыдай ма адам?!.

Анамның алдында мен теңіз болам,
көл-көсір,
шет-шегі жоқ,
өмірдің шайқаса да өкпегі көп,
буырқанып,
бұрсанбаймын,
маңызданам.

Анамды ойлағанда суға айналам,
мөлдіреп,
тұна қалам,
баланың жанарындай жыламаған,
құстары тыныштықтың шулайды одан!

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанның мұнайы

Redaktor Site

Міржақып Дулатов — Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат

Redaktor Site

Ахмет Байтұрсынұлы

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz