Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Жігіттерге өсиет

Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,
Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.
Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,
Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке.

Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,
Киім бүтін, тамағым да тоқ демеңіз,
Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң,
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ,
Жігіттер, жас кезіңде тәубеге кел,
Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.

Ұқсас жаңалықтар

Темірғали Көпбай

Redaktor Site

Отбасы мүшелерін күн сайын жамандықтан қорғап жүретін дұға

redaktor_qazyr

Абай Құнанбайдың отыз екінші қара сөзі

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz