Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Әйел туралы мадақ жыр

Табиғаттың мизамы сол әуелгі, —
Күн болмаса
түнек басар әлемді.
Меңіреу болып жүрмесін деп еркектер,
Шұғыладан жаратыпты әйелді.

Күн болмаса, кім ерітер мұздарды?
Ағашы жоқ таулар қандай ызғарлы?
Жігіттерге ыстық ая болсын деп,
Мәуелерден жаратыпты қыздарды.

Тұтаса ма кіндігі жоқ әлем-жер,
Желкілдей ме тамыры жоқ желеңдер?
Өңшең еркек бордай тозып бітпеуге
Ұйтқы болып жаралыпты әйелдер.

Нәр тамбаса
Дүз адыра болмай ма?
Жаз болмаса — тірлік қатып қалмай ма?
Бұл дүниеде әйел ана болмаса,
Адам заты баяғыда солмай ма?

Серігі жоқ аққу жалғыз самғар ма?
Гүлсіз шөлде сандуғаштар сайрар ма?
Махаббатсыз,
сүйген жарсыз жігітке,
Құр тірліктен рақат бар ма,
сән бар ма?

Толқындарды ұшқыр желдер жебейді,
Әйел қолы екпін істі демейді.
Еңбек думан
көрінер ме еркекке,
Қатарында жүрмесе жар мерейлі.

Ақ қайыңсыз сәнді ме бақ қайраған,
Не пайда бар аруы жоқ сарайдан?
Жиындарға жайнап әйел жүрмесе,
Қасірет қой өңшең еркек сорайған.

Асыл әйел!
Бақыт — сенің сыр, үнің!
Талай сабаз қиған саған ғұмырын.
Ал мен өзім жүз еркектің шуынан,
Шипа көрем бір әйелдің сыбырын.

Әйел абзал
Атқаратын ер ісін,
Кестелейтін несібенің өрісін.
Сүйсінемін көріп білгір әйелді,
Көркі, ісі бірдей тапқан келісім.

Ардақтаймыз әйелдердің әз атын
Саусақтарын, сын-сипатын, ләззатын!
Қартайғанша әйел даңқын жырлаймын,
Жаңғыртатын адамдардың зәу-затын!

Ұқсас жаңалықтар

Түнгі сыр

Redaktor Site

Шабыт

Redaktor Site

Шерхан Мұртаза

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz