Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Жеңіс күні келген сайын

Жеңіс күні келген сайын жылаймын,
Қап-қара боп көрінеді гүл-айдын.
Жеті жаста мені әкемнен айырған,
Құдіретіне не айтасың құдайдың.

Қандай ойлар жоқ дейсің бұл басымда,
Менен қатты емес шығар тасың да.
Жалаң аяқ қар кешер ме ем қаңтарда,
Әкем тірі болса егерде қасымда.

О, дүние, сен не деген шеберсің,
Сорға туған сорлы бала неге өлсін.
Шелектеген ақ жауынның астында,
Қой баққызған қу тағдырға не дерсің.

Бәрі болды, бәрін көрдім, шыдадым,
Әке, сені сағынды ғой шырағың.
Әке, сені аңсады ғой Тұмашың,
Бір жақсы сөз айтпай қойды-ау мына күн.

Ілескем жоқ содыр менен бұзыққа,
Ел тәртібін көргемін жоқ бұзып та.
Сен келмеген жеңіс маған жетімдік,
Сен келмеген тойды қайтем қызықтап.

Амалым не бітер жаққа жол ауса,
Ерте көктеп, ерте солды балаусам.
Жеті жаста қалған ұлың шал болды,
Ақ самайлы, ақ кірпікті жадау шал.

Өлгенінше күтіп бақты сені анам,
Бір жерлерде жүрген шығар,- деді аман.
Қайран елес түйгізгенмен қабағын,
Тайған емес саған берген уәдадан.

Жанатындай жүрегімнің оты әрең,
Мен бейнетті әлі қанша көтерем.
Сен ғайыптан келе қалсаң дәл бүгін,
Жеті жасар бала болып кетер ем.

Ұқсас жаңалықтар

Алтын орда туралы тарихи деректер

Redaktor Site

Қазақстанда қанша қала бар?

Redaktor Site

Тырнақша не үшін қойылады?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz