Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратБілімЖаңалықтарҚоғамРуханиятСаясат

Мемлекеттік қызметтегі жастарға зор үміт артамыз — Думан Әбілев

Тарихқа үңілсек, адамзат қоғамының барлық кезеңдерінде өзінің ұшқыр ойы мен тынымсыз еңбегі арқасында өз елін сол дәуірдің биік сатысына көтерген көшбасшы тұлғалардың ғибратты істеріне куә боламыз. Бұл әрбір елдің бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекет болып қалыптасуын қамтамасыз ететін негiзгi факторлардың бiрi және оның дамуының өзегi – адам ресурстары екендігінің айғақ дәлелі. Сол себепті бүгінгі таңда мемлекеттік басқару ісіне жоғары моральдық жауапкершілікке ие, талантты, кәсіби білімі мен белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтарды жұмылдыру – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдында тұрған басты стратегиялық міндеттердің бірі.

Осы бағытта атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар нәтижесінде жыл сайын өңірімізде мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жетіліп келеді. Атап айтқанда, облысымызда 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, олардың 29,8% — 35 жасқа дейінгі жастар. Қызметшілердің 89,2% жоғары білімге ие. Олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, жоғары оқу орнынан кейінгі және шетелдік білімге ие тұлғалар бар.
Мемлекеттік қызметшілер қатарын осындай бәсекеге қабілетті тұлғалармен толықтыру және мемлекеттік қызметке түсу процесін жеңілдету мақсатында қолданыстағы заңнамада «Б» корпусының кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау жағдайлары қарастырылған. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен бірқатар конкурстан тыс тағайындауларға келісім берілді.
Бүгінгі таңда жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды жақсы нәтижемен (GPA 3,33) бітірген мамандар диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде конкурстан тыс тәртіпте облыс орталығындағы мемлекеттік органдардан басқа мемлекеттік органдардағы «Б» корпусының кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Бұл норма білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық және ауылдық деңгейдегі кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Осы норма өз күшіне енген уақыттан бері Департаментпен Қосшы қаласының, Шортанды, Бұланды, Атбасар, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Егіндікөл, Есіл, Целиноград, Зеренді, Ерейментау аудандарының мемлекеттік органдарында төмен тұрған лауазымдарға жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келетін 21 жас маманды конкурстан тыс тағайындауға келісім берілді. Олардың қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Семей қаласы Ш.Құдайбердиев атындағы университеттің, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлектері бар. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында Департаментпен еліміздің жоғары оқу орындарынан осы талаптарға сәйкес келетін түлектер тізімі сұратылып, 4 мыңнан астам түлектің кандидатурасы мемлекеттік органдарға ұсынылды.
Сонымен қатар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында жақсы нәтижемен (GPA 3,33) оқуын бітірген тұлғаларға берілді. Аталған түлектер оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардан, мәслихат аппаратынан, ревизиялық комиссиялардан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінен басқа) конкурстан тыс орналаса алады. Осы мүмкіндікті Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 4 түлегі пайдаланып, Департаментпен келісу арқылы Есіл, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласындағы жоғары лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауылдық округтердің әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде уәкілетті органмен келісім бойынша конкурс өткізбей «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Осылайша Департаментпен үш әкімді Атбасар және Біржан сал аудандарының әртүрлі лауазымдарына тағайындауға келісім берілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кандидаттарды уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі көзделген. Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтеді. Осы орайда Ақмола облысының цифрландыру және архивтер, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сонымен қатар дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары Агенттікпен келісу арқылы конкурстан тыс тағайындалды.
Конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігіне ие тұлғалар қатарында Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резервінің мүшелері бар. Оларды лауазымдарға тағайындау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Мысалға, Департамент өкілдері облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметімен бірлесіп, Президенттік жастар кадр резервіне алынған тұлғалармен кездесулер өткізіп, бос лауазымдар туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп отырады. Аталған жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің 2024 жылғы 22 мамырдағы өкімімен 2023 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің өкілі Мерей Рамазан Бурабай ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ Өңірлік кадр резервінің мүшесі Жақсыгельдинова Әйгерім Темірболатқызы Ақмола облысы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі бас маманы лауазымына тағайындалды.
Жоғарыда айтылған заңнамалық нормаларға сәйкес конкурстан тыс қабылданатын кандидаттардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес келуі басты шарт болып табылады.
Жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында іске асырылып жатқан жобалардың бірі — Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі. Бұл жоба облысымызда 2018 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде мектептің көптеген түлектері мемлекеттік қызметке түсіп, өздерінің білімі мен дағдыларын сүйікті ісінде қолдануда. Биылғы жылы осы мектептің түлегі Жандарбеков Әлімжан Елубайұлы жалпы конкурс арқылы Ақмола облысы білім басқармасының оқу-материалдық базасын нығайту және дамыту бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалды. Осыған дейін Әлімжан Жандарбеков қолданыстағы заңнаманы білуіне арналған тестілеуді сәтті тапсырып, мектептің таланттар пулына қабылданған болатын. Әрі қарай Департамент өкілінің консультативтік сүйемелдеуі арқылы пилоттық режимде eqyzmet.gov.kz порталы арқылы жалпы конкурсқа қатысып, 6 үміткердің ішінен жеңімпаз атанды. Бүгінгі таңда мектеп түлегіне білікті мемлекеттік қызметшілер қатарынан тәлімгер бекітіліп, жас маман өз қызметіне кірісті.
Осы өзгерістер мемлекеттік қызметтегі жастар үлесінің одан әрі артуына, мемлекеттік аппаратты облыстық, аудандық, ауылдық деңгейлерде кәсіби, біліктілігі мол, білімдерін іс жүзінде дұрыс қолдана алатын жаңа фармациядағы кадрлармен уақтылы толықтыруға оң әсер етіп жатқанын атап өткен жөн.

Автор: Думан Әбілев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы

Ұқсас жаңалықтар

Мұхтар Мағауин

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz