Сурет:Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Түркістан облысында полицейлер 4500-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтады,деп хабарлайды Qazyr.kz
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеп.
Полицейлер Түркістан облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, жол қозғалысы ережесін бұзудың 4609 дерегін анықтады. Оның ішінде автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 74 фактісі, рейс алдындағы тексеруден өтпеудің 5 жайты және техникалық байқау құжаты болмауының 147 фактісі бар.
Сондай-ақ автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 195 құқық бұзушы мен міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзғаны үшін 202 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жылдамдық режимін бұзудың 2224 дерегі, 196 маневр жасау ережесін бұзу мен 10 қарсы жолаққа шығу фактісі анықталды.
Сонымен қатар көлік құралдарын мас күйінде басқарған 11 жүргізуші анықталды. Рейд кезінде айыптұраққа барлығы 274 көлік қойылып, құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Мысалы Шардара ауданы трассаларының бірінде тәртіп сақшылары «Янган» маркалы мотоциклді тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің мас күйінде мотоцикл жүргізгені анықталды. Жол ережесін бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, мотоцикл айыптұраққа қойылды.
Айта кетсек, Түркістан облысының аумағында жол көлік оқиғаларын азайтуға, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға, сондай-ақ жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.