-3.7 C
Шымкент
31-Қаңтар, 2025
Qazyr.kz порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазірСаясат

Бектенов салық-бюджет жүйесін сауықтыру арқылы ел экономикасын кешенді дамытамыз деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов салық-бюджет жүйесін сауықтыруға және экономиканың өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Премьер-министр жекелеген оң нәтижелерге қарамастан, қазіргі экономикалық өсу қарқыны баяу екенін атап өтті. Елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық көлемде іске асыру және келешегі бар жобалар санын арттыру үшін қомақты инвестициялық капитал жасақтап алу қажет. Алайда, бұған «даму бюджетінің» жеткіліксіз көлемі кедергі келтіреді: дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығыстарының 25%-на, Қазақстанда – 8%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет.

Нәтижесінде экономикалық дамудың негізі саналатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер және инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мұндай жағдайда ЖІӨ өсімінің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын.

Осыған байланысты салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды, сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни, тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады.

Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Ол үшін әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемдерін бір мезгілде төмендете отырып, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды озыңқы дамытуға, басым салалардағы келешегі зор бизнес жобаларды қолдауға бағытталады. Ұлттық қор қаражаты тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу үшін ғана сұралады.

Сонымен қатар мемлекеттік шығыстар тиімділігі арттырылып, бюджет тәртібі нығайтылады.

«Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру жұмыстарын «бюджет шығыстары – бірінші кезекте экономикалық дамуға, әлеуметтік қолдау – тек қана мұқтаж адамдарға» қағидаты бойынша күшейтетін боламыз. Экономиканың өсуі инфрақұрылымға салынатын қарқынды инвестициялармен қатар жүруі керек. Алайда, экономиканың қаржыландыру көлемі үлкен секторларында бағаны шамадан тыс мемлекеттік реттеу бұл міндетті қиындата түсіп, инвестициялық әлеуетті төмендетіп отыр.

Үкімет жанар-жағармай материалдары мен газ бағасын, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және теміржол тасымалы салаларындағы тарифтерді кезең-кезеңмен ырықтандыруды бастады. Біртіндеп нарықтық баға саясатына көшу осы салаларға қажетті инвестицияларды тартуға және жанармай тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді. Біз бағаның күрт қымбаттауына жол бермейміз. Осыны ерекше атап өткім келеді. Жоғарыда айтылған шараларды қабылдау өсімнің қажетті қарқынын қамтамасыз етіп, экономикадағы құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда жүзеге асатын жаңа құрылыс нысандарының сәулеттік жобалары талқыланды

redaktor_qazyr

Қазақстан Қырғызстандағы су станциясының құрылысына кепілдік береді

redaktor_qazyr

Қол астындағы қызметкерге қырындаған депутат Асқар Садықов мандатынан айырылды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz