Жуырда Сенатта өткен брифингте Шерзат Болаттың ісіне қатысты жаңа деректер жария болды. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың үйі өртенуіне қатысты істі тергеу барысын бөлісті. Осылайша кейбір сауалдар Ресейге жіберілгені белгілі болды.
Бұл қандай сараптама? Неліктен Ресейге жіберілді? Осы сұрақтарға Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспан жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шерзаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев депутат Абзал Құспанға осы бағытта бірер сауал қойған. Бұл туралы адвокат әлеуметтік желіде жариялады.
«Бұл ақпаратты растаймын. Ресейде Қазақстанда жоқ сараптама тағайындалып отыр. Спутник арқылы үй өртенген кезде қандай көлік келді, бұған дейін, одан кейін бөтен адамдар болды ма, болмады ма (осы нәрселер анықталады — еск.)», — деді Абзал Құспан.
Адвокат депутаттан Шерзаттың ағасы Нұрғанаттың өліміне қатысты да Ресейде осындай сараптама жүргізу мүмкіндігі бар-жоғын сұрады. Депутат құзырлы органдар әділдік орнатуда бұдан тартынбау керек дейді.
«Менің ойымша, қорғау тарапынан тиісті өтініш хат берілген жағдайда әбден мүмкін. Кез келген қылмыстық істі тергеудегі басты мәселе — шындыққа көз жеткізу, әділеттілікті қалпына келтіру. Бұл жолы да қандай сараптама болса да, қанша ақша тұрса да тиісті органдар бұдан тартынып қалмауы керек деп ойлаймын», — деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура өкілі бұл тексеріске уақыт керек екенін мәлімдеген еді.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот отырысы
Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы өтіп жатыр. Бұл іс бойынша барлығы 9 адам айыпталып отыр, оның төртеуі бұрын сотталған, біреуі кәмелет жасына толмаған.