ШҚО-да волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. 2024 жылы 685 волонтерлік іс-шара өткізіліп, оларға 5,2 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы ШҚО Ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры, облыстық фронт-офис жетекшісі Айдос Әділбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте мәлім етті, — деп хабарлайды Qazyr.kz
Қыс мезгілінде ауа райының күрт суытуына байланысты әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету мақсатында 50-ден астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Экология саласындағы бастамалар да ерекше назарда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында волонтерлер Өскемендегі Қазақстан тауында 600 көшет отырғызды. Сонымен қатар, Ұлан ауданының Асубұлақ орман шаруашылығында 22 мыңнан астам ағаш көшеті егілді. Жалпы, бұл акция шеңберінде 280-нен астам іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 19 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Сәуір айында табиғи апаттан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Бұл — өңір тұрғындарының бірлігі мен жанашырлығының нақты көрінісі. Қиын сәтте көмек көрсету — халықтың әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Биыл облыс аумағында 2024–2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасы бекітілді. Құжаттың мақсаты — волонтерлік қызметті тиімді ұйымдастырып, оған қолдау көрсетуге бағытталған нақты шараларды жүзеге асыру. Глубоков және Зайсан аудандарында волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында жалпы сомасы 3,5 миллион теңгеге жуық әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, өңірде волонтерлік қызметті насихаттау белсенді түрде жүргізілуде. Есепті кезеңде теледидар, газеттер мен әлеуметтік желілерді қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында 750-ден астам материал жарияланды.
Өңірдің дамуына волонтерлердің сіңірген еңбегін бағаламау мүмкін емес. Бүгінгі күні облыс аумағында 37 үкіметтік емес ұйым мен 13 бастамашыл топ құрамында 2 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. Олардың белсенділігі мен іске деген адалдығы — мықты әрі біріккен қоғам қалыптастырудың негізі.