Qazyr.kz порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазір

Қазақстанда жол қауіпсіздігі стратегиясы әзірленуде

Жол қауіпсіздігі стратегиясының мақсаты – бес жыл ішінде жолдағы өлім-жітімді кем дегенде 30%-ға төмендету. Жобаны ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша «ҚазжолҒЗИ» АҚ әзірлейді. Құжат еліміздің жолдарындағы апатқа қарсы күрестің негізгі құралы болады деп күтілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев мәлімдеді.

Жобаға сәйкес, Жол қауіпсіздігі стратегиясы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, жол қауіпсіздігі саласындағы әрбір мемлекеттік орган үшін жеке жұмыс жоспарларын қамтиды. Бұл Қазақстан заңнамасына түзетулер енгізуге, автожолдардың қолданыс циклінің жобалаудан бастап пайдалануға дейінгі барлық кезеңінде міндетті аудит пен қозғалыс қауіпсіздігі инспекциясын енгізуге мүмкіндік береді.

«Стратегияны әзірлеуде Швеция, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапония сынды жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай жетістіктерге жеткен елдердің тәжірибесіне ерекше назар аударылады. Олардың тәсілдері еліміздің ерекшеліктерін, біздің менталитетімізді ескере отырып бейімделмек. Қорытынды құжат Қазақстанда адамдардың өмірін сақтауға және жол апаттары санын азайтуға бағытталған жол қауіпсіздігінің тұтас және тұрақты жүйесін құру үшін негіз болады», – деді спикер.

Ерік Әмірбаев Көлік министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «ҚазжолҒЗИ» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде автожол саласындағы кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша бакалавриаттың жеке бағдарламасы жандандырылғанын айтты. Биыл оған қосымша 800 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Қазіргі уақытта көлік саласында 34 мыңға жуық адам білім алып жатыр, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 14%-ға артық. Бұл жастардың инфрақұрылымды, логистиканы және мобильділікті дамытуға байланысты мамандықтарға деген қызығушылығының артуын растайды. Сондай-ақ былтыр жол саласы мамандарының цифрлық банкі құрылды. Jolshy жолшылар базасында саладағы барлық маман туралы ақпарат бар.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында шаруалармен кездесу өтті

redaktor_qazyr

Кремльдің құйтырқылығы: Ресей Орталық Азияны толық зерттейтін орталық құрды

redaktor_qazyr

Жетісай полицейлері тұрғынның ауласынан 3 мың түп көкнар тәркіледі

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz