Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратЖаңалықтарҚазірэкономика

Астанада Орталық Азия мен Қытай елдерінің көлік министрлері бас қосты

Астана қаласында көлік және логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасынан жоғары деңгейлі делегациялары бас қосты деп хабарлайды Qazyr.kz

Кездесуге ҚХР көлік министрі Лю Вэй, Қырғыз Республикасының көлік және коммуникациялар министрі Абсаттар Сыргабаев, Тәжікстан Республикасының көлік министрі Иброхим Азим, Түрікменстан Министрлер кабинетіне қарасты Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Мамметхан Чакыев, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының көлік жөніндегі бірінші вице-министрі Маманби Омаров қатысты.

Жиын барысында қатысушылар көлік саласындағы өңірлік және жаһандық үрдістер туралы пікір алмасып, Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық, сауда-саттық және гуманитарлық ынтымақтастықтың әлеуетін тиімді пайдалануға байланысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Министрлер Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы көпжақты көлік ынтымақтастығы бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Аталған бағдарлама электрондық құжат айналымын қамтамасыз етіп, жүктердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, халықаралық автокөлік тасымалдарын жеңілдету және шетелдік рұқсат бланкілерінің (ИБР) алмасу процесін цифрландыру жоспарланып отыр. ИБР – тасымалдаушыларға жүкті шекара асыра тасымалдауға мүмкіндік беретін құжат.

Айта кету керек, Қазақстан Қытай және Өзбекстанмен ИБР-ді электрондық форматта алмастырып келеді. Енді бұл үрдіс Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанмен де сандық жүйеге көшірілмек. Бұл халықаралық автокөлік тасымалдарының уақытын едәуір қысқартады.

Кездесу қорытындысы бойынша екі маңызды құжатқа қол қойылды: халықаралық автокөлік тасымалдарын цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум және көлік ведомстволары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум.

Сондай-ақ тараптар Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы автокөлік және теміржол тасымалдарын жүзеге асыру кезінде шекаралық өткізу бекеттерінен өту рәсімдерін жеңілдету қажеттігі жөнінде ортақ ұстанымға келді.

Көлік министрлері кәсіби кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ғылыми-зерттеу, талдау орталықтары арасында өзара әрекеттестік механизмін құру мәселесін қарастыруға мүдделі екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, халықаралық көлік жобаларын ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін көлік саласындағы білім беру бағытындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Министрлер Қазақстан Республикасына жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдіріп, оның нәтижелерін оң бағалады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда зейнет жасын төмендету туралы петиция жарияланды

redaktor_qazyr

Сəбидің жауырыны жабысса не істеу керек?

redaktor_qazyr

АҚШ Қазақстанға қатысты сауда шектеулерін алып тастауы мүмкін

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz