2026 жылдан бастап Қазақстанда көлік салығының есептеу тәртібі өзгереді. Енді салық мөлшері автокөліктің жасына және иелену мерзіміне байланысты есептелетін болады деп хабарлайды Qazyr.kz
Жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес, 11 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге 30% көлемінде, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50% көлемінде салықтық жеңілдік беріледі. Бұл жаңалық еліміздегі миллиондаған жүргізушіге салықтық жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Алайда, 2025 жыл үшін салық бұрынғы мөлшерлемелер бойынша есептелетін болады. Ал 2026 жылдан бастап көлік салығы тек көлік жасының ғана емес, сондай-ақ иелену мерзімінің де ескерілуімен есептеледі. Мысалы, егер көлік 2026 жылдың ақпан айында сатылса, сол жылға есептелетін салық иелену мерзіміне қарай пропорционалды түрде төмендетіледі.
Қазіргі деректерге сүйенсек, 2025 жылдың 1 мамырына қарай Қазақстанда 6,1 миллионнан астам көлік тіркелген, олардың ішінде 5,3 миллионы — жеңіл автокөліктер. Осы автокөліктердің 3,5 миллионы 10 жылдан асқан, яғни елдегі автопарктің жартысынан көбі жаңа жеңілдіктерге сай келеді.
Бұл бастама қазіргі экономикалық жағдайда, яғни жанармай мен көлікке қызмет көрсету құнының артуы кезінде, халыққа айтарлықтай қолдау көрсететін маңызды қадам болмақ.