Qazyr.kz порталы
АймақАуыл шаруашылығыҚазір

Атбасарда сібір жарасы ошақтары оқшауланды: Министр жағдайды түсіндірді

Ақмола облысының Атбасар ауданында тіркелген сібір жарасы жағдайына қатысты ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров түсініктеме берді. Министр 2025 жылғы 8 шілдеде өткен үкіметтік брифингте мал мен адамдардың қалайша жұқтырғанын айтты, деп хабарлайды Qazyr.kz .

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жұқтыру ошағы ауылдан шамамен жеті шақырым қашықтықта, далада орналасқан. Сол жерде екі ауылдың малы жайылған. Алдымен жеті, кейін тағы үш бас малдан сібір жарасы анықталған. Жалпы, он шақты мал індетке шалдыққан.

«Аталған жерде бұрынғы сібір жарасы көмілімі бар екені анықталды. Сол маңда мал жайылған. Иелері анықталып, ауырған мал түгел жойылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жедел шаралар жүргізілді. Жайылым орны қоршалып, дезинфекция жасалды, арнайы карантин енгізілді», – деді министр.

Министрдің мәліметінше, ауру таралуының алдын алу үшін базарлардағы еттен сынамалар алынып, зертханалық бақылау жүргізілген. «Барлық зерттеу нәтижесі теріс болып шықты. Ет өнімдері тәркіленіп, жойылды. Сауда орындарына дейін түгел залалсыздандыру жұмыстары атқарылды», – деді Айдарбек Сапаров.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да 30 маусым күні Атбасар ауданында адамдар арасында сібір жарасының расталғанын хабарлаған болатын. Ал 2 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Астанадағы «Әлем» ет базарындағы сібір жарасы туралы тараған ақпаратқа түсініктеме беріп, нақты оқиғаның Атбасарда тіркелгенін растады.

Қазіргі таңда індет ошақтары оқшауланып, барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Мамандардың айтуынша, халыққа жұғу қаупі жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді

admin_qazyr

Станислав Черчесов Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

redaktor_qazyr

Жетісу облысында майлы зығыр мен қант қызылшасының егісі кеңейтілуде

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz