28.3 C
Шымкент
17-Август, 2025
Qazyr.kz порталы
Ауыл шаруашылығыҚазір

Қазақстанда су инфрақұрылымын дамыту қарқын алуда

Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану және өңірлерді сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үкімет 2025 жылдың соңына дейін алты облыста 10 топтық су құбыры жобасын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында хабарлады.

Ағымдағы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша 10 жоба пайдалануға беріледі. Жобалар су тапшылығы байқалатын өңірлерде жүргізілуде және ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту деңгейін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, биыл ұзындығы 6 мың шақырымнан астам суару арналарының модернизациясы басталды. Оның 962 шақырымы 2025 жылы аяқталып, шамамен 200 мың гектар жер суармалы егіншілікке қолайлы болады деп күтілуде.

Су қоймаларының да әлеуеті артып келеді. Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасын қайта жаңғырту, Түркістан облысындағы «Қарақұйс» су қоймасының құрылысы және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен бірге, 105 гидротехникалық нысанның техникалық жай-күйі зерттелмек.

Көктемгі кезеңде еліміздің су қоймаларына 16,9 млрд текше метр су жиналды. Оның ішінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр, ал 2024–2025 жылдары аралығында Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су жеткізілді. Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы судың көлемі 24,4 млрд текше метрге жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әр жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізу көзделуде. Бұл бағытта фермерлерге ынталандыру тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту, жабдық сатып алу және су үнемдеу технологияларын орнатуға жұмсалған шығындардың өтемақысы 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, суды нормативтен тыс тұтынған жағдайда 20%-ға жоғары тариф белгіленді және тарифке байланысты сараланған субсидиялау жүйесі енгізілді.

Аталған шаралар еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалануына және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға жол ашады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте туған әпкесінің қызын аяусыз өлтірген әйел 20 жылға сотталды

redaktor_qazyr

Орал қаласында бастауыш сынып мұғалімін өз пәтерінде өлтіріп кетті

redaktor_qazyr

Түркістан облысында 262 елді мекен санитарлық тазалық қызметімен қамтылады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz