Биыл ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы алғаш рет онкүндік форматында аталып өтті. 1–10 тамыз аралығында өткен мерекелік іс-шаралар аясында 100-ден астам халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі ауқымды жобалар ұйымдастырылды. Бұл шараларға жүздеген мәдениет қызметкері, аспаздар, техникалық мамандар, 500-ден астам волонтер мен ардагерлер, салт-дәстүр білгірлері атсалысты.
Онкүндік барысында 70-тен астам мәдени іс-шара, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс және 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба өтті. 10 тамызда Абай ауданында өткен басты мерейтойлық шараға 50 мыңнан астам адам, соның ішінде 15 елден келген шетелдік делегациялар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аудан орталығында 200-ден астам киіз үй тігілді.
Мерекенің басты мақсаты – Абай мұрасын насихаттау және рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Осы орайда «ABAI AKADEMIASY» энциклопедиялық порталы іске қосылып, ақын шығармашылығының цифрлық кеңістікке жолы ашылды.
Түркістан облысының мәдени күндері аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, қолөнер көрмесі және өнерпаздардың концерті өтті. Мыңнан астам адам қатысқан «АБАЙ QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылды. Семейде зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған еліміздегі ең ірі өңірлік инклюзивті кітапхана ашылды.
Мерейтойда әдебиет пен өнер саласына да жаңа серпін беретін бірқатар кітаптар мен жинақтар жарық көрді. Олардың қатарында Асқар Алтай құрастырған «Абай жолы» энциклопедиясы, Бағашар Тұрсынбайұлының балаларға арналған «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабы, Кенжехан Матыжановтың жетекшілігімен дайындалған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» және өзге де құнды еңбектер бар.
Сонымен қатар Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар…» көрмесі, «Асыл мұра» қолөнершілер фестивалі, «Абай әлемі» рухани кеші, Майра Ильясова, Секен Тұрысбеков сынды өнер майталмандарының концерттері өтті. Спорт сүйер қауым үшін 180 шақырымдық «Семей – Қарауыл» ультрамарафоны және «Жеті қазына» мәдени-спорттық фестивалі ұйымдастырылды.
Шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Бұл бастама бойынша еліміздің әр өңірі Абай еліне бірегей нысан салып береді. Сонымен қатар Жидебайдағы «Этно ауыл» кешенінің құрылысы басталды. Меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен қолға алынған жоба өңірдің туризмін дамытуға серпін бермек.
Жидебай мен Бөріліде интернет желісі толық іске қосылып, Абай ауданы толықтай интернетпен қамтылды. Осылайша, мерейтой тек той тойлау ғана емес, ел игілігіне қызмет ететін нақты жобалармен есте қалды.