Алматыда қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі – Терренкур саябағы ауқымды қайта құру жұмыстарынан кейін жаңа кейіпке енді. Шаһардың шығыс бөлігінде, Тәттімбет көшесі мен Достық даңғылының параллельінде орналасқан бұл аймақ бүгінде қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды орынға айналды деп хабарлайды Qazyr.kz
4 гектардан асатын аумақта заманауи, күтімі жақсы демалыс кеңістігі жасалды. Жаңа жаяу жүргіншілер бағыттары төселіп, «денсаулық соқпағы» кеңейтілді және жаңартылды. Келушілердің жайлылығы үшін Есентай өзенінің әсем көрінісін ашатын ағаш көпір салынды.
Көп жыл бойы қараусыз қалған су айдыны тазартылып, жағалауы бекітілді және абаттандырылды. Өзен жағасында сахна мен ашық аспан астындағы амфитеатр бой көтерді. Белсенді демалыс әуесқойлары үшін үш теннис үстелі, төрт шахмат үстелі, заманауи тренажерлармен жабдықталған воркаут аймақтары орнатылды. Балаларға арналған екі ойын алаңы мен экологиялық ойын аймағы ашылды.
Саябақтың басты нышандарының бірі – алтын күмбезді ақ ротонда – қайта қалпына келтіріліп, айналасы ілінген гүл композицияларымен безендірілді. Парктің әр жерінде 30 жаңа орындық қойылып, аумақ автоматты суару жүйесі мен заманауи жарықтандырумен жабдықталды.
Терренкур бүгінде белсенді өмір салтын ұстанатындар үшін ғана емес, достармен кездесіп, серуендейтін жайлы орынға айналды. Күн сайын бұл аймаққа 3,5 мыңнан астам адам келеді.
Айта кетейік, бұл аумақ көп жыл бойы жекеменшікте болып, соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген еді. 2023 жылы жер телімі коммуналдық меншікке қайтарылып, жоба-сметалық құжаттама әзірленді. 2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, басты мақсат – Есентай өзені бойындағы және Терренкурдағы екі танымал жаяу жүргіншілер бағытын біріктіріп, қала тұрғындарының сүйікті бұрышын көрікті демалыс орнына айналдыру болды.