Соңғы үш жыл ішінде Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын сақталуда. 2022–2024 жылдар аралығында өңірге 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 808,5 млрд теңге – жеке қаржы. Осы кезеңде 135 жоба жүзеге асырылып, 3,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды деп хабарлайды Qazyr.kz
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында да өсім жалғасын тапты: ауыл шаруашылығы 3%-ға, өнеркәсіп өндірісі 7,9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 10,6%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 есеге көбейіп, 178 млрд теңге инвестиция тартылды (өсім – 29,5%).
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту мақсатында 2025–2027 жылдарға арналған жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 128 жоба қамтылған инвестициялық портфель жасалды. Бұл жобалар 10,6 мың жұмыс орнын ашпақ.
Ірі бастамалар қатарында:
Жылына 860 мың тонна мыс концентратын өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысы;
1000 гектар аумақтағы «Қазақстан–Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» индустриялық паркі;
Қуаты жылына 2 ГВт болатын жел электр станцияларын шығаратын зауыт;
Халықаралық жүк-жолаушылар әуежайы.
Облыс құрылғаннан бері аккумулятор, газоблок кірпіш, күн панельдері өндіретін зауыттар және жалпы қуаты 150 МВт-қа жуық жел және су электр станциялары іске қосылды.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Соңғы екі жылда «Қорғаста» жоба саны 18-ден 45-ке жетіп, 3,6 мың жұмыс орны ашылды. Ал тартылған инвестиция көлемі 83 млрд теңгеден 259 млрд теңгеге дейін өсті.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы өндіріс көлемі 2023 жылы 26,9 млрд теңгеге жетіп, бір жылда екі есеге артты. Жобалар саны соңғы үш жылда 14-тен 64-ке өсіп, 7,5 мың жұмыс орны құрылды, ал инвестиция көлемі 600 млрд теңгеден асты.
.