Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 22 800 орынға арналған 14 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жалпы сыйымдылығы 2300 орын болатын екі білім ордасы пайдалануға берілді. Оның бірі – Ақжар-2 тұрғын алабындағы 300 орындық №79 мектеп, екіншісі – «Есет батыр» шағын ауданындағы 2000 орынға арналған мектеп.
Жобаның басты мақсаты – өңірде оқушы орындарының тапшылығын жою, апатты жағдайдағы және үш ауысымды оқытатын мектептердің мәселесін шешу. Сонымен қатар, жаңа мектептер заманауи талаптарға сәйкес салынып, сапалы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етеді.
Әрбір мектепте интерактивті құрал-жабдықтар, зертханалар, кітапханалар, STEM-зоналар және жаңа үлгідегі пән кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да инклюзивті жағдай жасалады. Оқу орындары бейнебақылау, күзет, кіруді бақылау жүйелерімен және өрт қауіпсіздігімен толық қамтылады.
Бүгін Ақжар-2 тұрғын алабындағы №79 мектепте ашық есік күні өтті. Болашақ оқушылар мен ата-аналар оқу кабинеттерін, спорт және акт залдарын, кітапхана мен асхананы аралап көрді. Балаларға арналған ойын бағдарламасы ұйымдастырылып, олардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасалды.
Жаңа оқу жылының басына дейін өңірде тағы бес мектеп ашылмақ. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында орналасса, төртеуі тікелей «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтеруде. Атап айтқанда, 2000 орындық «Алтын Орда-2» шағын ауданындағы мектеп, 600 орындық «Бауырластар-3» тұрғын алабындағы мектеп, 300 орындық «Саяжай-1» мектебі және Мәртөк ауданы Сарыжар ауылындағы 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, өңірде тағы сегіз мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында Ақтөбе қаласындағы «Есет батыр» №7 шағын ауданында 2000 орындық, «Батыс-2» тұрғын алабында 900 орындық, «Жанақоныс-2» тұрғын алабында 600 орындық мектеп бар. Сондай-ақ Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында, Темір ауданы Шұбарқұдық және Кенкияк ауылдарында да 600 орындық мектептер бой көтеруде.
Жоба толық жүзеге асқанда облыста үш ауысымды оқыту мәселесі едәуір қысқарып, апатты мектептер жойылады. Ең бастысы – өңір оқушыларына қолжетімді, заманауи әрі қауіпсіз білім беру жағдайы қамтамасыз етіледі.

