Елімізде әрбір егін орағы аяқталғаннан кейін бидайды қайда, қалай экспорттаймыз деген сұрақ туындайды. Астықты шикізат күйінде арзан бағамен сыртқа шығарып жіберуден бөлек, өз жерімізде қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыру маңызды. Соңғы жылдары Үкімет екінші жолды таңдады. Мұны ұлттық қауіпсіздіктің де шешуші бағыты десек болады. Азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты кіріс көзін қамтамасыз етудің ең сенімді жолы ішкі қайта өңдеуді күшейту, экспортты әртараптандыру.
Өткен жылы Үкімет басшысы астық көлемі бойынша нақты деректерді жариялап, тиісті ведомстволарға өңдеу барысын күшейтуді тапсырды. Осыдан кейін Қазақстан Қытайдың көпсалалы Dalian Hesheng Holdings компаниясымен ірі келісім жасалған болатын.
Аталған компания бидайды өңдеу және ашыту технологиясына қатысты патентке ие, сондай-ақ цифрлық басқару шешімдерін енгізген алпауыттардың бірі.
Екі тарап Ақмола облысында тігінен кіріктірілген өнеркәсіптік парк салу жөнінде уағдаласты. Жобаның алғашқы кезеңіне 500-800 млн доллар көлемінде инвестиция құйылатын болды. Ал екінші және үшінші кезеңдерге тағы шамамен 1 млрд доллар қарастырылған. Зауыттың қуаттылығы жылына 3 млн тоннаға дейін бидайды өңдеуді көздейді.
Аршалы ауданында орналасатын парк логистикалық тұрғыдан өте ыңғайлы. Теміржол торабына жақын, ішкі нарықтың ортасында. Шикізаттың басым бөлігі отандық фермерлерден сатып алынатын болады. Осылайша Үкімет ауылдағы еңбек адамдарының табысы мен тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етпекші. Жоба толық қуатына шыққанда шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылуы күтіледі. Бұл ауылдық жердегі әлеуметтік ахуалды көтеріп, жастардың ауылдан кетуін тежейді.
Бидайды терең өңдеуде оны ақуызын бөліп, көмірсуларын биохимиялық жолмен түрлендіру. Нәтижесінде азық-түлік пен мал азығына қажетті аминқышқылдары, глутамат секілді тағамдық қоспалар, биоқауіпсіз полимерлер алынады. Мұндай өнімдерге сұраныс тек Қазақстанда емес, әлемнің әр түкпірінде бар. Бұл бізге шикізатты арзанға сатудың орнына, жоғары маржамен экспортқа шығару мүмкіндігін береді
Астықты терең өңдеу жобасының саяси да, экономикалық та мәні зор. Біз тек шикізат беруші ел ретінде емес, дайын өнім шығарушы мемлекет ретінде әлемдік нарыққа таныламыз. Экономикалық жағынан алсақ, бұл ішкі нарықты тұрақтандырып, бюджет кірісін ұлғайтады, фермерге жаңа серпін береді. Әлеуметтік қыры да айқын – мыңдаған жаңа жұмыс орны, ауылдың жандануына түрткі болар бастама.
Қарапайым тілмен айтқанда, егінші егіп алған астығын енді тек бидай күйінде өткізіп қоймайды. Ол дән заманауи зауытта қайта өңделіп, ондаған жаңа өнімге айналады. Бір тонна бидайдан бұрын тек ұн немесе жем шығатын болса, енді одан жоғары технологиялы өнім жасалады. Осылайша ауылдағы еңбектің құнын арттырып, ұлттық экономиканың тұғырын бекітетін мүмкінді ктуып тұр.

