Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың ең ірі құрылыс корпорацияларының бірі — Shanghai Construction Group (SCG) басшылығымен кездесті. Кездесуге компания президентінің міндетін атқарушы Сюэ Юншэнь бастаған делегация қатысты, деп хабарлайды Qazyr.kz
Келіссөздер кезінде тараптар Алматы қаласының урбанистикалық даму бағыты, заманауи архитектуралық және мәдени нысандар салу, сондай-ақ инновациялық және туристік кластерлерді қалыптастыру салаларындағы өзара әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.
Дархан Сатыбалды мегаполистің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындарға жайлы, экологиялық әрі заманауи орта қалыптастыру бағытындағы стратегиялық жоспарлар туралы айтты. Әкім Shanghai Construction Group компаниясының халықаралық деңгейдегі тәжірибесін жоғары бағалап, бірлескен жобалардың қала дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесуде сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді дамыту, мәдени және технологиялық орталықтар салу, жаңа қалалық аймақтарды игеру мен көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері де сөз болды.
Өз кезегінде Қытай тарапы Алматымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін және нақты жобалар бойынша серіктестік бағыттарын қарастыруға дайын екенін жеткізді. Келіссөздер қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандум дайындау жөнінде уағдаласты. Бұл құжат Алматы қаласының урбанистикалық және туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.

