Qazyr.kz порталы
экономика

Қазақстан транзиттік хабқа айналуда: көлік-логистика саласындағы жаңа қадамдар

Бүгінде еліміз үшін көлік дәліздері экономикалық қан тамыры әрі мемлекетіміздің сыртқы әлеммен байланысының тірегі екені анық. Таяуда Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласы турасында кеңес өткізіп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысынн назар аударды.

Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу бекеті бүгінде ел экономикасының басты қақпасына айналғаны анық. Сол жерде өткізу мүмкіндігін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және рәсімдерді цифрлық технологиямен жылдамдату қолға алынып жатыр. Жыл соңына дейін ірі жүк көліктеріне арналған айналма жолдың құрылысы аяқталады.

Бұл қадам екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, жүктердің тоқтаусыз ағылуына жол ашады. Қытайлық тараппен тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі мен көліктерді қабылдау көлемін ұлғайту мәселелері де қарастырылуда. Бұл – шекарада сағаттап, тіпті тәулік бойы кезек күтуге мәжбүр болған тасымалдаушылар үшін үлкен жеңілдік.

Теміржол саласы да Қазақстанның транзиттік әлеуетіміздің өзегі. 2025 жылдың соңына дейін «Достық – Мойынты» аралығында екінші жолдардың, сондай-ақ Алматы стансасы айналма теміржол желісінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Мұның маңызы зор, себебі Достық – Қытаймен жалғайтын негізгі магистраль, ал Алматы торабы – бүкіл елдің логистикалық жүрегі. Бұл жобалар жүк тасымалын еселеп арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Үкімет теңіз тасымалына да баса назар аударып отыр. Каспий арқылы өтетін бағыт бүгінде геосаяси тұрғыда ерекше мәнге ие. Осы жылдың соңына қарай контейнерлерді өңдейтін жаңа терминал іске қосылып, қуаты жылына 240 мың ЖФЭ-ге жетпек. Бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізін күшейтіп, Қазақстанның Еуропаға шығатын жолын нығайтады. Қарапайым тілмен айтқанда, еліміз теңіз арқылы да өзіндік «демін ашып», балама бағыттарын нақтылап жатыр.

Бұл ретте автомобиль дәліздері де назардан тыс қалмағанын айта кетуіміз керек. Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектесетін бес кедендік бекет – Темір баба, Қазығұрт, Тәжен, Майқапшағай және Бақты – жыл соңына дейін жаңғыртылмақ. Бұл бекеттердің өткізу қабілеті артса, тауар тасымалы да жүйелі жүреді.

Бұған қоса, көліктер мен жүктердің ел аумағына кірген сәтінен бастап, шығуына дейін бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнабақылау жүйесі енгізілуде. Яғни, жолдағы әрбір қозғалыс цифрлық жүйеде белгіленіп, көлеңкелі тасымалға тосқауыл қойылады.

Үкіметтің жоспарлар құрғақ уәде емес. Олар елдің бәсекеге қабілеттілігін, экспорттық әлеуетін арттыруға, ең бастысы, қарапайым халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Жүк жылдам жетсе – баға тұрақталады, нарықтағы тауар тапшылығы азаяды. Логистика ілгерілесе – кәсіпкердің де, шаруаның да еңбегі өтімді болады.

Шын мәнінде, жолдың бойында тұрған ел үшін ең басты капитал – транзит. Қазақстанның географиялық орны осы мүмкіндікті беріп отыр. Ал оны тиімді пайдалану – мемлекеттің, Үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесі. Көлік дәліздері қаншалықты дамыса, елдің экономикалық тынысы соншалықты кеңеймек.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан 2026 жылға дейін Altel мен Tele2 тарифтерін бақылау құқығынан айырылды

admin_qazyr

Fonte Capital компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы споттық биткоин ұсынды

admin_qazyr

Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz