Qazyr.kz порталы
Қазір

Қазақстан көлеңкелі экономиканы азайту үшін цифрлық бақылауды күшейтеді

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен көлеңкелі экономиканы азайту жөніндегі қабылданып жатқан шаралар қаралды. Жиында Қаржы министрі Мади Такиев пен Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Қайрат Бижанов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы ағымдағы жылы көлеңкелі экономиканың ІЖӨ-дегі үлесін 15%-ға дейін төмендетуді тапсырған. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бірігіп, тек есеппен шектелмей, нақты нәтижелі қадамдар жасауы қажет. Олжас Бектенов тұрақты экономикалық өсім мен салықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кешенді және сапалы шешімдер қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Президенттің Жолдауында экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу стратегиялық міндет ретінде белгіленген. Алайда Премьер-Министр кейбір салаларда — сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығында — цифрландырудың деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Осыған байланысты салалық министрліктерге толық цифрландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Экономиканы цифрлық трансформациялау аясында Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдар арасында цифрландырудың көшбасшысы болуы тиіс. Олжас Бектенов атап өткендей, жүйелі шаралар ғана мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа сервистік өзара әрекеттесу моделін қалыптастыра алады.

Сонымен қатар, цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта келесі жылы Қаржы министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне арналған арнайы деректерді өңдеу орталығын құруы тиіс.

Көлеңкелі экономиканы төмендетуде цифрлық теңге мен қолма-қол емес төлемдердің рөлі ерекше. Қазір өңірлерде автожол мен теміржол құрылысы, ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау, НДС қайтару сияқты бағыттарда цифрлық теңгені қолдану бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Премьер-Министр бұл жобаларды кеңейту және республикалық, жергілікті бюджеттер мен ұлттық холдингтердің төлем жүйесіне енгізуді тапсырды.

Кедендік әкімшілендіруді жетілдіру де маңызды бағыттың бірі. Олжас Бектенов экспорт-импорт операцияларын бақылауды күшейтіп, «жасыл дәліз» қағидасын енгізу арқылы адами факторды азайтуды тапсырды. Сондай-ақ жүк тексерісін талдау кезінде жасанды интеллект қолдану қажеттігін айтты — бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, кедендік рәсімдерді жылдамдатады.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр бірнеше нақты тапсырма берді:

  • Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері көлеңкелі экономикамен күрес бойынша жыл сайынғы кеңейтілген талдамалық есеп әзірлеуі тиіс;

  • Әділет, Қаржы және Цифрлық даму министрліктеріне заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу кезінде тәуекелдерді автоматты басқару жүйесін 25 қарашаға дейін енгізу міндеттелді;

  • Smart Data Finance жүйесі арқылы мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының деректерін біріктіру тапсырылды.

Барлық жұмыстың орындалуын үйлестіру мен бақылау Вице-Премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Ұқсас жаңалықтар

БҚО-да қайтарылған активтер есебінен 27 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда

admin_qazyr

«Жомарт жан» орталығы: Қазақстандағы бірлік пен мейірімділіктің символы

admin_qazyr

Тараз қаласының дәмханасының бірінде ер адам нанға қақалып,қайтыс болды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz