Алматы облысында халықаралық инвесторлардың қатысуымен ауқымды Talgar Eco City жобасы іске қосылмақ. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа қаланы салуға жауапты «Talgar Development Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Жиынға БАӘ мен Қазақстаннан келген инвесторлар қатысты деп хабарлайды Qazyr.kz
«Talgar Development Ltd» компаниясының өкілі Хайссам Каддура жаңа қаланың басты ерекшеліктерін таныстырды. Жоба аясында тұрғын үйлер, мектептер, медициналық орталықтар, сауда және ойын-сауық нысандары, сонымен қатар заманауи жасыл қоғамдық кеңістіктер салынады. Құрылыста экологиялық талаптарды сақтау және «жасыл» технологияларды пайдалану негізгі басымдық ретінде белгіленген.
Әкімнің айтуынша, өңір шетелдік капитал тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
«Біз үшін әрбір инвестор маңызды. Бизнес үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Ынтымақтастығымыз өңірдің дамуына, жұмыс орындарын құруға және озық технологияларды енгізуге айтарлықтай үлес қосады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Talgar Eco City 180 мың адамға арналған, жалпы аумағы 11,8 млн шаршы метрді қамтиды. Жобада жасанды интеллект элементтері бар инновациялық инфрақұрылым дамыту, 36 мың жұмыс орнын ашу және 14 млрд доллардан астам инвестиция тарту жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа қаланың ғылыми-инновациялық әлеуетін күшейту үшін оның аумағында ғылыми-зерттеу орталықтарын орналастырудың маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімдігі инвесторларға инфрақұрылымдық қолдау көрсететінін жеткізді. Инженерлік желілерді қосу, сыртқы инфрақұрылымды дамыту бойынша қажетті шаралар қабылданады. Жобаның бас жоспарын БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы әзірлеген. Биыл шілдеде АХҚО-да «Dinar Holding Ltd» (Қазақстан) және БАӘ-нің «44Degree» компаниясының қатысуымен «Talgar Development Ltd» бірлескен кәсіпорны құрылған еді.
Talgar Eco City — өңірдің дамуына серпін беретін стратегиялық жоба ретінде бағалануда.

